Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы игілікті істі қолға алды.
Басқарманың қолдауымен «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпы ұлттық жобасы аясында Аққыстау ауылдық округі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 350 түп қара ағаш, 150 түп үйеңкі талы отырғызылды.
Акцияға Исатай ауданы бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары мен ауылдық округ мамандары белсенділікпен қатынасты. Жастар жылына орай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Жастар саябағына», «Qazaq eli» саябағы мен балабақша, білім беру ұйымдарының алаңдарына көшет отырғызған белсенділер ауылымыздың көгалдануына өз үлестерін қосты.
«Жасыл ел» сарбаздары көктем басталысымен күз айында егілген көшеттерді күтіп баптау жұмыстарына кірісетін болады. Ауыл тазалығына бей-жай қарамай, акцияға белсенді қатысушылар осындай көпшілік шараларға ауыл тұрғындарының да атсалысуын қалайтындықтарын айтады. «Әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, тал ексе, ауданымыз көркейер еді» дейді олар.
Тал отырғызылып жатыр ғой. Енді оларды күтіп, баптау, уақытылы суарып тұру қажет. Ол үшін ауылдарға жазғы су құбырын жүргізуді жеделдету керек шығар. Өйткені, ауданымызда егілуі егілгенмен, тамырына су, бойына нәр бармай, қурап қалған көшеттер қаншама?
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ