Исатай ауданы жастарының арасында ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, түрлі саладан хабардар болып, әр жастың көкейінде жүрген сауалға жауап таба білуі қандай ғанибет. Міне, Исатай аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Аққыстау ауылдық округінде жұмыс жасап жүрген «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздарымен бірге Исатай аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінде болып, мекеме қызметкерлерімен кездестік.
Кездесу барысында аудандық 6-шы өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қайырғали Утешов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау подполковнигі Ғарипжан Құрманов жастарға өрт сөндірушілердің бір күндік жұмыс тәртібімен таныстырды.
Сондай-ақ, жастарға тілсіз жаумен күресуге арналған арнайы киім, құрал-саймандарын көрсетіп, олардың бұрын соңды естімеген өзекті әрі қызықты мәліметтермен бөлісті. Оған қоса, жастарды тұрмыстық жағдайда өрттің алдын алу шараларын сақтауға шақырып, қазіргі облысымыз бойынша су тасқынының апаттық жағдайларына байланысты суға шомылу маусымының жабылғандығын қаперге беріп, ескертті.Міне, осылайша жастар көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы сол саланың қыры мен сырына қаныққандай болды.
Данабек Бапанов,
орталық маманы