Жастар шаруаға бет бұрды

Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарында 215 шаруа қожалығы төрт түлік мал өсірумен айналысады. Биылғы 1қазанға дейін мұнда 18611 бас мүйізді ірі қара, 38598 бас қой-ешкі, 16034 бас жылқы және 7982 бас түйе түліктері өсірілуде.

Жалпы сала бойынша жыл басынан бері өсім барын мәлім еткен мамандар мал шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 4678,4 миллион теңгені құрап, былтырғы осы кезеңмен (3904,8 миллион теңге) салыстырғанда ол 100,6 пайыз болғанын айтады.

Міне, ауылдағы шаруа адамдарының еңбегін паш етер осынау көрсеткіштерде біз әңгімелегелі отырған Құмарбеков Нұрхат Алпамысұлының да үлесі бар. «Жас келсе, іске» демей ме, аудандағы жас шаруагерлердің бірі санатындағы оның осынау істегі аяқ алысы басқаға үлгі етсе болғандай. Қарапайым ауыл баласының бірі атакәсіпті қолға алып, шаруа қожалығын құруды ойға алғанда тосылып тұрмады, бірден іске кірісті. Бұл оның осы бір мақсатқа белін бекем буып, нақты шешім алуының нәтижесі еді. Сөйтіп, 2014 жылы Тұщықұдық ауылдық округіндегі шаруа қожылықтарының саны біреуге көбеюіне себепші болды.

Мал баққанға бітетінін ойға алған ол алдымен құм өресіндегі Қойшыбай аталатын учаскеден жер алды. Осыннан баспана тұрғызды, қора-қопсысын дайындады. Әрине, оның бәрін жалғыз өзі тиянақтай алмасы анық-ты, бұған әкесі Алпамыстың көмегі аз болмады. Ол талапты ұлына шаруаның бағыт-бағдарын байыпты әңгімелей білді, керегінде ақылын қосты, жөн көрсетті, тәжірибелі шаруагерлермен танысып, олардың шаруаны ұйымдастырудағы тәсілдерін зерделеуіне ықпал етті. Алғаш құрылған жылы-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды мақсат тұтқан шаруагер жігіт Қамысқала ауылдық окугіндегі әулиекөл сиырын өсіретін «Серижан» шаруа қожалығынан асыл тұқымды бұқалар сатып алды. Айналасындағы шаруа баққан ауылдармен араласа жүріп, асыл малдан алынар өнім де аз болмасын аңдаған ол 2016 жылы Тұщықұдық ауылдық округіндегі қазақтың ақбас сиырын өсіретін «Мажанов» шаруа қожалығынан да аталық малдар алды, осылайша 30 бас сиыр малына селекциялық және асыл тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізуге ден қойды.

Жиырма алты жастағы Нұрхат азамат жетекшілік ететін «Құмарбеков Н» шаруа қожалығында бүгінде 33 бас сиыр, 20 бас қой-ешкі, 16 бас жылқы, 4 бас түйе малдары бағып-күтілуде екен. Іске мығым да сөзге сараңдау көрінген жас шаруагер өзі жайлы, жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы көп ашып айтқысы жоқ. «Ойға алған нәрселер баршылық, оның бәрін әзір айта бергім келмейді» деуінен-ақ «арық айтып, семіз шығуға» тырысқан тірлігін іштей құптастық. Бір білгеніміз, шаруагер өткен қазан айында ғана Жылыой ауданындағы «Достан ата» шаруа қожалығынан 340 бас асыл тұқымды еділбай қойын сатып алыпты. Өзі отырған «Қойшыбай» орнынан 30 шақырым қашықтықта, Айбас бағытында қоныс тепкен Шәлкей учаскесінен дайын орынды да сатып алған Нұрхаттың ойы қой басын көбейту көрінеді. Тағы бір ойлағаны – алдағы уақытта егін шаруашылығын дамыту мақсатында жер алу. Күні бүгін шаруа баққан елге сын шақ – қыстаққа дайындықпен бірге сол шаруаны да қоса қабат қолға алып жүрген жайы бар болып шықты.

«Біздің істі қолға алғанымызға аз уақыт өтті ғой. Оның нәтижесі көрінер шақ алда деп есептеймін» деген шаруагердің сол аз уақытта көп жайтқа қанығып, ауылдағы шаруаның белді бір адамы болғанына, адал еңбегімен үздік те танылып, алғыс хаттар иеленіп үлгергеніне сүйсіндік. Бәрінен бұрын бізді ауыл баласының, атакәсіпті қолға алып, ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосуға деген үлкен ұмтылысы қуантты.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521