Жастар әскерге баруға дайын ба?

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғанына көп бола қойған жоқ. Осыған орай қазір аудандық әскери комиссариатта жоғарыдағы аталған науқанға байланысты қызу жұмыстар жүргізілуде. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің бастығы, 3 сыныпты сержант Сағын Қалиевке жолығып, аз-кем сұрақтар қойған едік. Енді сол қысқа сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Сағын Өмірбайұлы, биыл біздің ауданымыздан әскер қатарына қанша жас азамат шақырылмақшы?

-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі бөлімшелері,  Қарулы Күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінің қатарын    18-27 жас аралығындағы азаматтармен толықтыру 2023 жылдың 2 ақпанындағы Қазақстан Республикасы Президентінің №120 «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз - маусымында және қыркүйек - желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығы мен аудан әкімінің  биылғы жылғы 14 ақпандағы №25 «2023 жылдың наурыз - мау-сымында және қыркүйек – желтоқсанында біздің  аудан аумағындағы азаматтарға кезекті әскери қызметке  шақыруды өткізу туралы» қаулысы шыққан болатын. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі  бөлім бастығымен бекітілген жоспарымен және жоғарғы басшылықтардан бекітілген жүктемеге сәйкес 1 наурыз және 30 маусым аралығына  дейін әскерге шақыру науқаны жүргізіледі. Биыл біз ауданымыздан   45-ке жуық азаматты әскер қатарына шақыруды жоспарлап отырмыз.

-Сонда сіздің ойыңызша, қазіргі жастар әскерге баруға дайын ба?

-Жүз пайыз дайын деп айта алмаймын. Бізде жастарға рух беретін үгіт-насихат жұмыстары жағы кемшіндеу. Менің ойымша, жастардың 60 пайызы әскерге баруға  әлі дайын емес деп ойлаймын.

-Мектепте алғашқы әскери даярлық сабағы басқа да шаралар өтіп жатады емес пе?

-Ашығын айтсақ, мектепте балалар тек саппен жүруді ғана үйренеді. Негізінде тек мектепте ғана емес, білім ордаларының барлығында әскери дайындық жағын талдап айтып, қару-жарақ, т.б. қажетті құрал-жабдықтарды теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде қалай қолданудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, бағыттап, жастар қай жағынан шыңдалуы қажеттігі туралы ақпараттармен толық қамтамасыз етсе, әскерге барғысы келетіндердің қатары әлдеқайда көп болар еді.

-Әскерге шақыру қағаздарын ауылдық округтерге қалай таратасыздар?

-Аудандық қорғаныс істері бөлімі тарапынан әскерге шақырылушыларға 1414 бірыңғай байланыс орталығының сервисі  арқылы SMS-хабарламалар жіберу, сондай-ақ, тұрғылықты жері мен жұмысының мекен-жайларына жіберілетін дербес шақыру қағаздары арқылы хабардар ету жұмыстары жүргізілуде. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік қызметтер, оған сәйкес қызмет түрлері азаматтарға электрондық үкімет порталы е-лицензия арқылы жүзеге асады. Шақыру кезінде медициналық тексеру және  әлеуметтік-психологиялық зерттеу, зерделеу, анықтау, әңгімелесу, құжаттар дайындау жұмыстары жүргізіледі.

-Әскерге барудан қашқақтайтын, барғысы келмейтін жастар да бар екені жасырын емес. Себебі неде деп ойлайсыз?

-Себебі, қазіргі жастар оңай ақша тапқысы келеді. Сол себепті көпшілігі банкте, ұлттық компанияларда, т.б. жеңіл-желпі жұмыс істеп, жылы кеңседе отырғанды қалайды. Бұл - бір. Екіншіден, жастардың бойында қорқыныш, үрей басым. Өйткені, біздің аға буын өкілдері «біз әскерде болғанда, таяқ жегенде» деген әңгімелерін жиі айтады. Оны естіп алған жасөспірімнің тұла бойын қорқыныш билейді.

-Әскери міндетін өтеуге барғысы келетіндердің көпшілігінің денсаулығы жарамсыз болып, бара алмай қалады екен. Бұл туралы не айтар едіңіз?

-Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы сараптамадан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатары-на қабылдау-қабылдамау туралы шешім алады. Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, соттылығы жоқ және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады. Әскерге шақырылушының білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері Қарулы Күштердің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ басқа да әскери құралымдар бойынша бөлуге әсер етеді. Мысалы, десантшылар үшін әскерге шақырылушының физикалық жағынан бойы 170 см-ден төмен болмау керек. Спортшыларға артықшылық беріледі.

-Ал әскерге барудан жалтарып жүрген жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

-Әрбір адам өз Отанын қорғау қасиетті борышы екенін түсінуі тиіс. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші - бұл - мемлекеттің тірегі, бұл біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге  шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Қызмет мерзімі -12 ай, ал одан жалтарғаны үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде айыппұл көзделген. Әкімшілік ескерту немесе медициналық куәландырудан немесе тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 648-бап бойынша 3 АЕК  мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде, әскери қызметке шақырудан жалтару Қазақстан Республикасы  Қылмыстық Кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Әскер қатарына мерзімді қызмет етуге баратын және қызметін өтеп жатқан  азаматтардың ата-аналарының назарына: әскери бөлімнің әр бөлмесінде бейнебақылау камерасы орнатылған. Әр әскери бөлімде гарнизон прокурорының және әскери полиция жасағы бастығының сенім жәшіктері орналасқан. Хат-хабарлар немесе өзекті  мәселелер бойынша тездетіп шешімдер қабылдау үшін мекен-жайларға түсетін мүмкіндіктер қарастырылған. Казарманың (жатын-орын) әр жайғасу орындарында, штабта, асханада, БӨП, клубта барлық деңгейдегі басшылық құрамының, соның ішінде қызметтік телефоннан қоңырау шалу үшін қолжетімді  сенім телефондары  туралы ақпарат орналастырылған. Әскери қызметшілердің қызметтік әрекеттегі мәселелері туралы әр уақытта оларға қоңырау шалуға немесе СМС-хабарлама жолдауға мүмкіндіктер бар.Қорыта айтқанда, Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін естен шығарып алмағанымыз жөн.

                                                                                                                                                                   Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT