Биылғы жылдың наурыз айы жастар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Себебі жаңадан кәсіп бастағысы келетін не бар кәсібін одан әрі дамытуға ниетті жастарға арналған 2,5%-дық кредит берілетіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов: "Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (кредитке – автор) ережелерді толық дайындадық. Бұйрықтар шықты. Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Қазір жастарға арналған 2,5%-дық несиеге біз жауап береміз. Алайда 2,5%-дық несие Ауыл шаруашылығы министрлігінде де бар. Алайда біз бұл мәселеге қатысты толық шешім қабылдадық", деп хабарлаған болатын.
Бұл бағдарлама аясында 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында микрокредит ала алады. Кредитті рәсімдей отырып, жас кәсіпкерлер өздерінің жаңадан құрылған істеріне қолдау таба алады. Ал, Атырау облысының жастары аталмыш несиеге қалай қол жеткізе алады, жастарға қандай мүмкіндіктер қарастылғанын білу үшін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлына бірнеше сауал жолдаған болатынбыз.
– Атырауда облысында қанша жас бар, микрокредитті алу қанша жастан басталады?
Атырау облысында 14-35 жас аралығындағы 200 мыңнан астам жас өмір сүреді. Бұл жалпы облыстағы тұрғындардың 30%-ын құрайды. Дейтұрғанмен, жастарға арналған 2,5 пайыздық несие 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған. Несиені алу үшін тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі.
– Жастар өтінімді қайда өткізеді?
Құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына тапсырады. Бағдарлама бойынша 2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған және бұл осымен тоқтап қалмайды. Себебі, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит береді деп көрсетілген. Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
– Несие алу барысында сала бойынша шектеу бар ма?
Сонымен қатар, сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген. Несие қала және ауыл жастарына бірдей мүмкіндік жасайды, ешқандай тарапқа басымдылық беру көзделмеген. Бірақ, кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез келген мақсат үшін – 5 жылды құрайды.
– Бағдарлама қай уақытқа дейін жалғасады және несие алуға ниетті жастарға кеңесіңіз?
Жалпы, Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген болатын. Несие бойынша жастарға айтар кеңесім, бизнес жоба ұсынарда өзектілігіне, аргументтілігіне, экономикалық негізділігіне, қоғамдық маңыздылығына, бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуына, бизнес-жобаның өміршеңдігіне назар аударса. Себебі, комиссия мүшелері іріктеу кезіңде аталған критерийлерге қарап бағалайды. Өз кәсібін одан әрі кеңейтіп әрі дамытқысы келетін әрбір жас үшін бұл оңтайлы қолдау болмақ деп есептеймін.
Жайна МӘЛІМҚОЖА