Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістіктерге жеткен жастарға арналып «Үздік премия – 2023» салтанатты шарасы өтті.
Шараның шымылдығы жас өнерпаздардың әсем биімен ашылды. Мерекелік кештің алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Нұрым Мусинге беріліп, жылы лебізін жеткізді.
– Еліміздің тарихы мен мәдениетінің дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты екендігі де сөзсіз. Бүгінде ауданымызда қоғамның әрбір саласында өзінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Жалпы, бүгін жиналып тұрған жас-тар – ауданымыздағы 9700 жас замандасының ішіндегі үздіктері. Туған жеріміздің, ауданымыздың айбынын асқақтатар осындай жалынды жастарымыз көп болсын! Сіздерге зор сенім артамыз! Әлі де биік шыңдарға жетер қанаттарын талмасын деп тілек етемін, – деді ол. Бұдан кейін аудан басшысы салтанатты шарадағы жыл үздіктеріне арналған алғашқы марапатты «Үздік волонтер» Серік Бақтығалиевқа табыс етті. С.Бақтығалиев - Х.Наубетов атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі. Ол оқушыларымен зертханалық жұмыстар барысында өзінің түрлі тәжірибесімен бөлісіп жүр. Химия пәнінен жеке репетитор.ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бұл қызметтен бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, үнемі ауыл қарттарына, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созады.
«Үздік мұнайшы» Дастан Әлібектің марапатын аудан әкімінің орынбасары –Нұрғайша Әбежан табыс етті. Ол С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «мұнай-газ» мамандығын игерген.Одан кейін 2017 жылдан бас-тап осы уақытқа дейін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында қызмет етеді. Жұмыс уақытынан интелектуалды ойындарға белсене қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген азамат.
«Үздік мұғалім» – Шырайлым Молдағалиева болып танылды. Оған марапатын Аққыстау округінің әкімі Ғаділ Боранбаев табыстады. Ш.Молдағалиева - «педагог-модератор» санатындағы білікті мамандардың бірі.2019 жылдан бастап Абай атындағы орта мектебінде жұмыс жасап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, нәтижелі жұмыстар атқарған. Тәрбие орынбасары қызметімен қатар ерекше білімді қажет ететін, үйден оқитын оқушымен де жұмыс жасап, сапалы нәтиже көрсете білген деген оң ұсыныс хатпен «Мектеп –гимназиясына» жаңадан жұмысқа орналасқан. Оқушылары да талай мектепішілік, аудандық білім додаларында топ жарып жүр.Жыл жетістіктері: «Дарынды балаларға –талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олипиадасының мектепішілік кезеңінде 1-орын иегері. «Iesson Study: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» тақырыбындағы тәжірбиелік конференцияда «Постер сессия» байқауынан 3 –орын иеленген.
«Үздік тәрбиеші» Әсел Бегімбетоваға марапатын Аққыстау округінің әкімі Ғаділ Боранбаев табыс етті. Ол Батыс Қазақстан инновацциялық-технологиялық университетін аяқтаған. Жас тәрбиешіміз «мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» аудандық байқауда бас жүлде иеленген. Сондай-ақ, « Бала мен балабақша» республикалық педагогикалық журналға мақаласы енген. Жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы абыройлы еңбегі мен шығармашылық қызметі үшін құрмет громатасын иеленген. «Үздік балабақша тәрбиесі» журналына балалар зейінін дамыту мақсатында мақаласы жарыққа шыққан.
«Үздік мәдениет қызметкері» Айдана Бақытоваға марапатын аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали тапсырды. А.Бақытова 2018 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Вокалдық өнер» мамандығын бітірген. 2018 жылдан бастап аудандық «Жалын» мәдениет үйінде еңбек етіп келеді. ауданда өтетін әрбір қоғамдық-саяси, мәдени көпшілік шараларға белсене араласып, әншілікпен қатар өнерпаз бүлдіршіндерге вокал сыныбынан сабақ беріп, сайыстарға дайындайды.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимұханов «Үздік дәрігер» Жанболат Қанатовқа марапатын ұсынды. Ол – хирург дәрігер. 2013 жылы Шымкент қаласы, Шымкент жоғарғы медициналық колледжін үздік аяқтап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға қабылданған. 2018 жылы «жалпы хирургия» мамандығын бітіріп, №1 Шымкент қалалық ауруханада еңбек жолын бастаған.Қазіргі таңда аудандық аурухана хирург дәрігері болып, өз қызметін атқаруда. 2023 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Алтын жүрек» номинация иегері. ҚР-ның «еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық кітапқа енген.
«Үздік кәсіпкер» Алмас Ақметқалидың марапатын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының басшысы Нұргүл Хайруллаева табыс етті. Кәсіпкер азамат 2011 жылы Атырау техникалық колледжге «электрик» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. 2018 жылы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, 2022 жылы тәмамдаған.Одан кейін өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады деген сеніммен жеке кәсіппен айналысуға бел буған. 2022 жылы егін егумен айналыса бастаған.Сондай-ақ, түрлі өсімдік шаруашылығы бойынша курстан өтіп, білімін жетілдіріп сонымен қоса сертификат алған. 2022жылы «Бастау» бизнес арқылы жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант ұтып, «Автоэлектрик және Автодиагностика» саласы бойынша көлік жөңдеу орнын ашқан.Сондай-ақ, биыл мемлекеттен жастарға берілетін жеңілдетілген (2,5) пайызбен несие алып, жылқы малын өсіруге жұмыстануда.
Аудандық аурухананың директоры Бекболат Қуанышев «Үздік полиция» Асхат Қадыржановқа марапатын табыстады. Ол 2014 жылы Орал гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, дене тәрбиесінің мұғалімі және баптаушы мамандығын оқи жүріп, аудандық полиция бөлімінің жол патрульдік полиция қызметіне тағайындалған.2018 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне түсіп, заңгер мамандығын тәмамдаған.2019 жылы бөлімнің уақытша ұстау изоляторына кезекші болып ауысып, 2022 жылға дейін осы лауазымда қызмет атқарған.2022 жылдың наурыз айынан бастап аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызмет инспекторы болып қызмет атқарып, 2023 жылы бөлімнің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалған.
«Үздік мемлекеттік қызметкер» Марат Жұмабеков болып, марапатын табыстау мүмкіндігіне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Серік Амиров ие болды. М.Жұмабеков 2013 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Ол 2020 жылы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі бас маманының міндетін атқарушы болып, кейіннен 2021 жылдан бастап осы аталған мекеменің бас маманы қызметін атқарып келеді.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзин «Үздік блогер» Гүларай Қуаталиеваның марапатын ұсынды. Ол 2013-2017 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «филология» мамандығын оқып, аяқтаған. 2018 жылы Абай орта мектебіне Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болып уақытша қызмет атқарған.Осы аралықта ол инстаграмды да қатар ала жүріп, түрлі тақырыпта жазба жазып, көптің арасына ұнамды пікірлер қалыптастырған. Негізі алға қойған мақсаты блогер ретінде танылып, тұрмыс жағдай төмен, аз қамтылған, жартылай жетім отбасыларға, дертіне шипа іздеген жандарға көмектесу екен.
«Үздік спортшы» Нұрзила Қадыр марапатын аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин табыс етті. Ол - дзюдо, самбо, қазақша және белбеу күресінен спорт шеберіне үміткер. Н.Қадыр белбеу күресінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, Самбо күресінен жасөспірімлер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. Белбеу күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ