Бүгін Атыраудағы «Дина» базарында ауқымды бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалы және Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырды. Жәрмеңкеге, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар арасынан 15 жұмыс ұсынушы қатысты. Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Бүгін жәрмеңкеде 150-ге жуық бос жұмыс орын ұсынылды, 200-ден астам адам келді. Жастардың айтуынша, осындай жәрмеңкенің ең үлкен қуантарлық жағдайы, бір терезе қағидаты бойынша бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгімелесу – өте ыңғайлы.
– Адал еңбек етіп, табыс табатын, қоғам дамуына үлес қосатын әр адам – құрметке лайық. «Жастарға жұмыс» жобасы халықты бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен қамтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта белсенділерімізден, мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдерінен құралған мобильдік топтар барша жастарға қол жетімді болуы үшін қала ішінде ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерді, моноқалаларды да аралайды. Ең бастысы, бұл іс-шара ақысыз әрі тұрақты түрде өткізілетінін атап өткіміз келеді. «Осы жылы, Атырау облысында «Жастарға жұмыс» және «Жастарға кеңес» жобасы аясында Мақат, Махамбет аудандары және Атырау қаласында 10-ға жуық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл жобалар өз жалғасын табады,-деді «Жастар Рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының кеңесшісі Жалғас Халелов.