Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арнаған үндеуі – әрбіріміз үшін үлкен жігер мен сенімнің белгісі. Елдің ертеңі – білімді, білікті, адал ұрпақтың қолында екенін Мемлекет басшысы айқын жеткізді. «Келешек мектептерінің» ашылуы, мұғалім мәртебесін көтеру, ғылым жолындағы жастарға жан-жақты қолдау көрсету – болашаққа салынған берік іргетас. «Болашақ» бағдарламасын шынайы дарынды, қабілетті жастарға бағыттау – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.
Президент атап өткен халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау, жасанды интеллект, инновация, жоғары технология салаларында мамандар даярлау – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық бағыт. Атом электр стансасының құрылысы – тек энергетикалық жоба ғана емес, еліміздің ғылым мен технологиядағы өрлеуінің символы болмақ.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы жастарға адалдық, еңбексүйгіштік, ізденіс жолында табандылық танытуға үндеу тастады. Бұл – кез келген жастың жүрегіне жететін, рухтандыратын сөз. Әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы бастамалар – біз үшін емес, бізден кейінгі ұрпақ үшін жасалып жатқан тарихи іс.
Осындай сенім мен қолдау барда, еліміздің жастары білім мен білікке, ізденіс пен еңбекте жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз. Президенттің үміті мен сенімін ақтау – әрқайсымыздың парызымыз.
Жайна МӘЛІМҚОЖА