Отанға деген сүйіспеншілік – ұран емес, жүректен бас-талатын терең сезім. Әсіресе, бүгінгі жаһандану дәуірінде жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайту – ел болашағы үшін ауадай қажет. Себебі жас ұрпақтың рухы биік болса, мемлекет те биіктейді. Туған жерін қадірлеген жас жүрек қай жерде жүрсе де елінің намысын қорғауға, өнер-білімін Отан игілігіне жұмсауға ұмтылады. Қазақстанның тарихына көз жүгіртсек, елдің ең қиын кезеңдерінде де оны алға сүйреген – қайратты, рухы асқақ жастар.
Бүгінгі буын да сол жолды жалғап келеді. Олар – ауылдан шығып, білімін жетілдіріп, өз арманын ғана емес, туған жердің тағдырын да ойлайтын өресі биік өрендер. Жастар – елдің жүрегі, ал білім – олардың биікке бастар қанаты. Ауылдан шыққан әр жас өз арманына қанат бітіруге ұмтылған, өмірдің сынақтарына төтеп беруге дайын кішкентай қаһарман. Олардың жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік, білімге, еңбекке, жаңалыққа деген құштарлық бар. Сол құштарлық пен талап арқылы олар кең әлемге қадам басып, үлкен мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылады.
Қазақстанда жоғары білімге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мысалы Stat.gov.kz ресми деректеріне сай, 2024–2025 оқу жылында еліміздегі жоғары оқу орындарында 624,5 мың студент білім алуда. Ал qazinform.com жариялаған мәлімет бойынша, Қазақстанда оқып жатқан шетелдік студенттердің саны 31 500-ге жеткен. Бұған қоса, qazaqtimes.com дерегі елімізден шетелге білім алу үшін жыл сайын шамамен 60 мың жас аттанатынын көрсетеді. Білімге деген осындай ұмтылыс біздің аудан жастарының арасында да айқын көрінеді. 2025–2026 оқу жылында ауданнан 12 студент шетелдік оқу орындарына қабылданып, халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік алды. Ал олардың 5-еуі 2026 жылы оқуын тәмамдап, кәсіби жолын жалғастыруға дайын. Бұл көрсеткіштер аудан жастарының білімге деген талпынысының, ізденісінің және биік мақсаттарының нақты дәлелі.
Алайда білім тек оқумен, дипломмен ғана өлшенбейді. Өмірлік тәжірибе, тәрбие және туған жерге адалдық та үлкен маңызға ие. Біз мысалға алған төрт жас – осының айқын дәлелі. Ауылдан шыққан олар білімін, кәсіби білігін және жинаған тәжірибесін туған жерінің игілігіне арнап, ауыл мен ауданның дамуына шынайы үлес қосып келеді. Бұл – нағыз патриоттықтың бейнесі. Осындай өр рухты жастармен тілдесіп, олардың ой-пікірімен жақынырақ танысқанда, туған жерге деген адалдық пен елге қызмет етудің олар үшін жай сөз емес, жүректен шыққан шынайы мұрат екенін анық аңғардық.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


