Жастықтың жасампаз жылдары

Ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуы қарсаңында өткенге үңілсек Одаққа біріккен кеңестік кезеңде талай науқандар мен тың бастамалар өмірге келгенін, оның адамдар өміріне, ел мен жер тарихына елеулі із қалдырғанын көреміз. Ұжымдаса шаруашылыққа бірігу, индустрияландыру, тың игеру, мал өнімдерін көптеп өндіру сияқты түрлі науқандар елдің экономикасын көтерумен қатар адамдардың жасампаздық еңбегін де паш етті.

«Комсомолдық жолдама»
Біздің Новобогат ауданы мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбекпен жеткен жетістіктері тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалғаны белгілі. Елуінші жылдардың ортасында колхоздар (ұжымшарлар) іріленіп совхоздарға (кеңшарларға) айналып, аудан шаруашылықтары бірыңғай қаракөл қойын өсіруге бейімделді. 1970 жылдардың басында Қазақстанда қой малының санын 50 миллионға жеткізу туралы бастама көтеріліп, ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетімен мақұлданды. Әрине, ниет дұрыс болғанымен, Одақтан берілген тапсырмада Қазақстан жерінің 70 пайыз құнарлы бөлігі тың игеру науқанына ілігіп жыртылғаны, қалған жерлері тұщы су көзі аз шөл және шөлейт аймақтар екені ескерілмеді. Нәтижесінде, қанша талап қойылғанымен, Қазақстанда жыл аяғында қалатын мал басы 36 миллионнан аспағаны белгілі.
Жалпы Қазақстанды аграрлық республика ретінде көру ниеті бұрыннан бар болатын. Біз мектеп бітіретін 1961 жылы СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің тікелей тапсырмасымен Қазақстанда мектеп бітірушілердің оқуға түсуі үшін екі жыл мал шаруашылығында еңбек етуі міндет болып қойылды. Сөйтіп біз сол кездегі Махамбет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сәнім Есенаманованың қолынан «Комсомолдық жолдама» атты қызыл кітапша алып, «Екінші тың» деп аталған қой шаруашылығын игеруге көмекші шопандар болып кете бардық.
Мұндай науқан 1970 жылдары тағы қайталанды. Жоғарыда айтылғандай, қой малын өсіру үшін тың жұмыс күші керек болатын. Себебі, төрт түлік малдың ішінде бағып-күтуі қол еңбегін көп керек ететіні қой шаруашылығы еді. Қаракөл қойын қолдан ұрықтандыру, қыстақ орнын әзірлеу, күн сайын шөп, жем, су беру, астын тазалау, төлдету, қозыны елтіріге сою, терісін баптау, әр қойды жекелей креолинды купкадан өткізу, екі рет қырқу, ектіру, тағы басқа таусылмайтын науқандық жұмыстарына адам қолы көп қажет етіледі.
Сондықтан да мектеп бітірушілерді қой шаруашылығына тарту үшін тың бастамалар қажет болды. 1972 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданы комсомол жастарының республиканың барлық мектеп бітірушілеріне Үндеуі қабылданды. Бұл бас-тама да Орталық Комитетпен мақұлданғаннан кейін мектеп бітірушілерден комсомол жастар шопандар бригадаларын құруға бағытталған науқан басталып кетті. Мектеп бітірушілерден құрылған бұл бригадалар кемінде екі жыл еңбек етулері міндетті болды, ал кеңшар әкімшіліктері оларға арнайы үй, жайлы қора, жазда бірнеше киіз үй, жиһаз, апта сайын ауыстырылатын төсек-орын мен кереует, асхана, тамақ түрлері, жылжымалы кино, монша, тағы басқа тұрмыстық қажеттіліктермен қамтуға тиіс еді. Бригадаға бір отар аналық қой, мың шамалы тоқты, жинағы екі мыңға жуық мал бекітіліп берілетін болғандықтан бригаданың әр мүшесінің жүктемесі 8 сағаттан аспау үшін ауысымы есептелінуі арқылы бригада мүшелерінің саны шығарылды. Оларға озат, тәжірибелі шопандар есебінен ұстаз бригадирлер іріктелді. Бастапқы жылы мектеп бітірушілер талаптанғанымен кеңшар әкімшіліктері жоғарыдағы талаптарды орындауға тартынып, кідірістеді.


Хатшы қолға алған іс
Ауданда ең алғашқы комсомол жастар шопандар бригадасы 1974 жылғы маусым айында «Забурын» кеңшарының №2 фермасында «Ұшқын» деген атпен құрылды. Оған ұстаз бригадир болып Кеңес Армия- сы қатарынан келген жас коммунист Таңатар Мұхамбеталин бекітілді. 1975 жылдың наурыз айында аупарткомның бірінші хатшысы болып Равиль Шырдабаев сайланып, бұрын облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болғанында өзі тікелей шұғылданған бұл бастамаларды қызу қолға алды. Аупартком бюросында әдейі мәселе қаралып, әр шаруашылықта 10 мың бастық қой комплексі салынуы, кемінде екіден комсомол жастар шопандар бригадасы құрылуы тапсырма ретінде берілді. Бұл тапсырманы ұйымдастыру мен бақылау, ең аяғы әр бригадаға лайықты ат қоюға дейінгі міндеттер аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ұзаққали Елеубаевқа, аупарткомның ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі нұсқаушысы - осы жолдардың авторына жүктелді. Міне, сол жылдан бастап ауданда бірнеше комсомол жастар бригадалары құрылып, жұмыс жасады.
Жоғарыда айтылған «Ұшқын» бригадасы екі жыл жұмыс жасағаннан кейін ұстаз бригадирі бригададағы бір қарындаспен бас қосып, өз алдына бір отар қой қабылдап алды да, комсомол жастар бригадасына жетекші болып өз класындағы ұл-қыздарымен Куйбышев атындағы орта мектептің ұстазы Жанболат Қасымов келді, олар бригадада үш жылға таяу жұмыс жасады. Осы шаруашылықтың №3 фермасында «Толқын» комсомол жастар шопандар бригадасы құрылып, оған жетекшілікке тәжірибелі малбегі, озат шопан Ғилаж Айталиев бекітілді. Оған осы бригадаға жетекші кезінде, 1977 жылы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Кеңшардың №3 фермасында «Армандастар» атты тағы бір бригада құрылып, оған тәжірибелі шопан Ғизат Дүйсалиев жетекшілік етті. Екі-үш жылдан кейін осы шаруашылықтың №1 фермасынан «Жалын» атты шопандар бригадасы құрылды. Оған жетекшілікке аға шопандықта ұзақ жыл тәжірибесі бар Ғайни Мұхтаров жіберілді.
Барлық бригадалардағы мектеп бітіруші түлектер өздері міндеттенген кемінде екі жыл, кейбірі одан кейін де жұмыс жасап, соңынан әркім білім алуға, басқа да іске талап қылып, өмірдегі өз жолдарымен кетті.
1975 жылы Чапаев атындағы кеңшарда, оның №2 фермасында Батан Ыбыраевтың жетекшілігімен «Нарын» атты комсомол жастар шопандар бригадасы құрылды. Қызыл үй маңын қоныстанған бұл бригада барлық жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Кейін, 1985 жылы, Б.Ыбыраевқа ұзақ жылғы еңбек жетістігі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Аталған бригада өзінің міндеттелген мерзімді кезеңін аяқтаған соң, осы орында жас болса да тәжірибелі малбегі Самиғолла Мәдіғалиев жетекшілік ететін «Жас дәурен» бригадасы жемісті еңбек етті. 1976 жылы аталған шаруашылықтың №3 фермасы көлемінде «Толқын-76» бригадасы құрылып, оған өзі жетекшілік еткен класының ұл-қыздарын ұйымдастырған тәжірибелі мұғалім, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғайнеден Әпенов ұстаз бригадир болып барды. Бұл топ екі жылдан кейін келесі мектеп бітірушілермен алмастырылғанда ұстаз бригадирлікке тәжірибелі шопан Бекжан Мұратов келіп, кейін ол осы орында ұзақ жыл еңбек етті. №1 ферманың Естекбай орнында да «Гүлдер-80» комсомол жастар шопандар бригадасы құрылды. Мерзімдеріне сай құрамы жаңартылып отырған бұл бригадаға әр кездері Хисым Ихсанов, Ғапурын Мақсотов, Қазекеш Мұқтаровтар ұстаздық қылды. Кеңшардың №4 фермасында құрылған «Тұлпар-83» аталынған бригадаға озат шопан Шамар Қарағойшиев ұстаз бригадирлікке бекітілді.
Осы Чапаев атындағы кеңшарда мектеп бітіруші қыздардан «Заря» құрылысшылар бригадасы да жасақталды. Бригадаға көп жылдық тәжірибесі бар құрылысшы Лизама Жұмағалиева жетекшілік жасап, көптеген шопан үйлері мен мал қораларын салды.
1975 жылы «Новобогат» кеңшарының №3 фермасында «Жігер», №4 фермасында «Шұғыла» аталатын комсомол жастар шопандар бригадалары өмірге келді. Ауқайраң мен Жангелді учаскелерінен арнайы орын салынған бұл бригадаларға тиісінше Ленин орденді майталман малбегі Жұмабай Мүтиев, Еңбек Қызыл Ту орденді озат шопан Қадыржан Ибрайымов ұстаздық қылды. Шаруа қожалығын құрған Қадыржан, жасы сексенге таялса да, әлі күнге қой өсіріп, жазда Нарын құмының төріне дейін жайлаулыққа шығып жүр.
Бір жылдан кейін кеңшардың №2 фермасында «Самал» аталынған жас шопандар бригадасы құрылып, оған шаруашылықтың аға шопаны Орынбасар Айдаралиев жетекші болды.
1990 жылға дейін біздің аудан құрамында болған «Бақсай» кеңшарының №2, №3 фермаларында да «Алатау», «Жас ұлан» комсомол жастар шопандар бригадалары жасақталып, алдыңғысына Мырзабай Хисамеденов, екіншісіне Социалистік Еңбек Ері Пангерей Бердешов басшылық жасады. 1976 жылы аталған шаруашылықтың №1 фермасында Социалистік Еңбек Ері Мұқтау Ідірісов жетекшілік қылған «Ауыл таңы», №3 фермасында Ибраим Тәменов басқарған «Балауса» комсомол жастар шопандар бригадалары құрылып, жемісті іс қылды. Ал 1977 жылы осы кеңшарда Ибат Наутиевтің жетекшілігімен құрылған жастардың «Искра» атты трактор бригадасы мал азығын дайындау жолында қажырлылықпен еңбек етті.

Сөз соңы
Иә, жоғарыда аталған 19 бригадада бірнеше толқын мектеп бітіруші жастар легі тер төкті. Олардың 1974-1990 жылдар аралығында ауданның ауыл шаруашылығының ең қиын учаскелерінде жастық жалынмен еңбек еткендерін атап айтуымыз керек. Мектепті енді ғана бітірген, үйден ұзап шықпаған, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген бұл жастардың еліміздегі тың игеру, Байкал-Амур магистралын салу сияқты елдік бастамаларға үн қосып, ең қиын сала – қой шаруашылығында жылдап еңбек еткендеріне аға ұрпақ өкілі біздер - куәміз.
Жоғарыдағы комсомол жастар бригадаларында еңбекте шыңдалған, кейін халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүрген Жаңылмаш Шаманаева, Айман Сатимова, Сақила Даулетьярова, Аманжол Рахметов, Қайрат Зайнов, Әділхан Хисин, Мәдениет Қабдрахманов, Мәдина Айдаралиева, Маншук Таменова, Қалқаман Молдашев, тағы басқа да көптеген бригада мүшелерін атауға болар еді. Олардың толықтай аты-жөндерін анықтау жергілікті тарихшылардың еншісінде болса, ұстаз бригадирлердің суреттерімен арнайы бұрыш жасақтау аудандық мұражайдың ісі болмағы абзал.
Және бір ескерер жайт - ауданымыздың 90 жылдық тарихын зерделеуде ұсақ-түйек болмауы керек. Ал жастарымыз жалындай жүріп кейінгіге үлгі көрсеткен жылдарды тылдағы еңбек, теміржол табанын төсеу жанкештілікпен жүргізілген айтулы жылдарға теңесетін айшықты кезең деп бағалауға тиіспіз.

1. Атақты шопандар – Социалистік Еңбек Ері Мүсілім Нұрмұханов («Забурын» совхозы) пен Ленин орденінің иегері Жұмабай Мүтиев («Новобогат» совхозы) жастар ортасында. 1979-1980 жылдар.
2. Қазіргі Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің әр жылдардағы түлектерінен құрылған қой өсіруші комсомол жастар бригадалары да ауданда мал шаруашылығының дамуына өз үлестерін қоса білді. Суретте аталған білім ордасының мал шаруашылығына баруды мақсат тұтқан 1987 жылғы түлектері мектеп бітірушілерінің аудандық слетінен кейін. Сәуір айы, 1987 жыл. Осыдан отыз бір жыл бұрынғы бұл сурет «БЛКЖО ХХ съезі атындағы» комсомол жастар шопандар бригадасының мүшесі болған, бүгінде аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Қайрат Зайновтың жеке архивінен алынды.

Жұмажан ҚАДИМОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті депутаты, ауданның Құрметті азаматы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521