«ЖАСЫЛ ЕЛ» еңбек жасақтары:алғашқы ауысымда оған 87 жас тартылды

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайынғы жастар белсенділігінің бір көрінісі секілді көрінетін жастардың еңбек жасақтарының биылғы қарекеті хақындағы сауалымызға аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзин жауап берді.

- Жалпы бұл іс сонау 2005 жылы қабылданған «Жасыл ел» кешенді бағдарламасының негізінде өмірімізге енген қарекет екенін білеміз. Мұндағы негізгі міндеттердің бірі жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту болды ғой.

- Иә, сол міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттыққа тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Студент жастарға жазғы демалыс уақыттарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды.

Бұрынғылар  «ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетте де жастардың белсенділігі өте жоғары екені, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Бізде де еліміздің гүлденуі үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, жастардың тәрбиесі және еңбекке баулу. Еңбек жасақтарындағы жас-тар бүгінде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, көпшілік баратын алаңдарды да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде. Маусым, шілде, тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтанда, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.

-«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Нәтижесінде мыңдаған студентiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, елге қызмет етіп жүр. Бұл іс күні бүгін ауданда қандай көрініс беріп отыр?

- Биыл да бұл іс жалғасын тапты. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жұмыстары ауданымыздағы 7 ауылдық округтің бәрінде де жүргізіліп жатыр. Олардың негізгі жұмыстары ауылдың жасыл келбетіне үлес қосу. Осы бағытта, жоғарыда айтылғандай, жасыл желектерді күтіп-баптауға атсалысады. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарына араласады.

Бұл - әдеттегіше үш ауысымда жүретін жұмыс. Бірінші ауысым мезгілі - 12 маусым мен 12 шілде аралығы. Бұл уақыт аралығындағы жұмысқа аудан бойынша 87 жас тартылып отыр. Жоспарлы жұмысқа екінші ауысымда - 110 жас, тамыз айындағы үшінші ауысымда 100 жас тартылады деп жоспарланған. Облыс бойынша біздің ауданымызға ең көп квота бөлінген.

- Жасақшылар тек еңбек етіп қана қоймайтын болар, олармен тәрбиелік шаралар да ұйымдастырасыздар ма?

- Әрине, «Жасыл ел» еңбек жасағының мақсаты тек жас-тарды жұмыспен қамтып қою ғана емес. Олардың уақыттарын тиімді өткізуі, өзара достық қарым-қатынастарын ны-ғайтуы бағытындағы шаралар да жоспарға енгізілген. Сол жоспарлы шаралардың бірі жуырда жүзеге асқанын айтсам болады. Яғни маусымның 21-і күні жасақтар сарбаздарына арналған кино көрсетілім, үстел теннисінен ашық турнир өткізілді. Ал 26 маусым-2 шілде аралығында жастарды қайырымдылық істерге тарту, қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға да араластыру, жалпы ортаға мейірім, жанашырлықтарын оятуды басты мақсат еткен «Жанашыр Жасыл ел» апталығы өткізілуде. Мұндай шаралар алда да ұйымдастырыла беретін болады.

-Әңгімеңізге рахмет, жастарымыздың жұмысы жемісті болсын!

 

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT