Жат ағымдар тобына кімдер түседі?

Өткен аптада «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының теолог мамандары, тарихшы Ернар Абзалов пен Амангелді Оразов Аққыстау орта мектебінде, Забурын, Исатай, Нарын ауылдарында болып, мектеп оқушыларымен, спортшылармен, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Дінтанушы мамандардың сөзіне сүйенсек, дін - қоғамның рухани қажеттілігін өтейтін, рухани байлыққа ұмтылдыратын, рухани тәрбие беретін бір бөлігі. «Дін-апиын» деген өткен ғасырдағы ұстанымнан арылып,рухани азық іздеген жастарға дұрыс жол сілтей алатын мамандарды даярлау, азаматтардың діни сауаттарын ашу арқылы, оларды түрлі ағымдардың ықпалынан қорғау - бүгінгі күн талабы.

Кері ағымдар мен экстремизмнің алдын алу бағытындағы ең ауқымдысы, нәтижелі болатыны –ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі рухани ағарту сабақтарында, дін тақырыбындағы өзекті мәселелерді талдауда дәстүрлі ислам ұстанушылар басымдық танытулары керек.

Қазір діннен хабары жоқ жастарға осы интернет ұстаз болып отыр. Жастардың көбі осы ақпарат көздерінен улануда. Жат ағымның жетегінде кеткендер арасында мектепте де, университетте де жақсы оқыған адамдар да бар. Кезінде ішімдік ішіп жүргендердің де балағын қысқартып сақалын қауғадай қылып өсіріп алғанын да көріп жүрміз. Бұлар отбасы құндылықтарына, салт-дәстүрге, мемлекетке, тілге, тарихқа қарсы. Жастардың көбі Ділмұратты, Назратулланы тыңдайды, Діни әдебиеттерді оқиды.

Теріс ағымға сенетіндер жамағатпен бірге дұға жасамайды. Туған күнді тойламайды. Ата-анасын сыйламайды. Наурыз мерекесін тойлауға бармайды. Теолог дінтанушылармен кездескісі де, олардан дәріс алғысы да келмейді.

Мадхалиттер, суруриттер, тәкфіршілер, хаддадиялар деген сәләфилік бағыттағы ағым талай жастардың санасын улауда. Өздері жік-жікке бөлініп, елдің тұтастығы мен ауызбіршілігіне сызат түсіруге жұмыстануда. Соның салдарынан қазақстандық жастар арасынан да адасушылар легі әлі де болса толастар емес. Құдайға шүкір, Сирия секілді елге кетіп жат-қандардың арасында балаларымыз жоқ.

Сондай-ақ олардың айтуынша, Парламент қабырғасында талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бір-лестіктер заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасында көптеген өзгерістер бар көрінеді. Мәселен, деструктивтік діни ағымның атрибутымен немесе киімімен қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынады. Мысалы, ниқаб, паранжа. Сол сияқты 16 жасқа дейінгі балалардың діни орындарға келуі үшін енді әкесінің де, анасының да жазбаша рұқсаты керек болады.

Одан әрі мамандар дәстүрлі намаз бен теріс ағымдардың арасындағы намаз оқу айырмашылықтарына тоқталды. Соңында мектеп оқушылары мен жастарға «Ұл» атты қысқа метражды фильм көрсетілді. Онда атыраулық Асқар деген жігіттің ағасы мен анасының тілін алмай, теріс ағым жетегінде кетіп, тура жолдан адасқаны туралы баяндалады. Сондай-ақ кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Махмудов, «Ақпараттық талдау орталығы» маманы Е.Насимуллин де қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Аяпберген САЛИХОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521