Жат ағымнан қорғайтын қалқан – сауаттылық

сурет ғаламтордан

 

Бүгінде қоғамдағы діни ахуал – көпшіліктің назарындағы өзекті тақырыптардың бірі. Қазіргі заманда діни сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да өткірлене түсті. Бір ғана әлеуметтік желідегі қысқа бейнежазбалардың өзі жастарға бағытсыз сенім мен қате түсінік қалыптастыруы мүмкін. Ал түрлі жат ағымдар интернет арқылы өз ықпалын жүргізіп, жасөспірімдер санасына әсер етуге тырысуда. Осы шындықты ескере отырып, ауданымызда да діни тәрбие, дұрыс ақпараттық бағыт беру және алдын алу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Осы орайда біз «Шапағат» қоғамдық қорының Исатай ауданындағы теологы Әділжан Бижановпен арнайы сұхбаттасып, жастардың діни сауатын көтеру жолдары, ақпараттық қауіптерден сақтану тетіктері, теріс ағымдардың алдын алу шаралары жөнінде әңгіме өрбіттік.


–    Әділжан Маратұлы, қазіргі таңда қоғамдағы діни ахуалға қатысты сан түрлі пікір бар. Ал біздің аудандағы жалпы діни жағдайды қалай сипаттайсыз? Сондай-ақ жас-тарды мұндай қауіптерден қорғаудың тиімді жолдары туралы не айтар едіңіз?

–    Иә, әрине бұл  өте орынды сұрақ. Шынымен де, қоғам арасында қарама-қайшылық пікір тудыратыны да жасырын емес. Ал осы ауданымыз бойынша ресми мәліметтерге сүйенсек, діни тұрғыдан тұрақты өңірлердің бірі. Мұнда халықтың басым бөлігі дәстүрлі исламды ұстанады және діни ұстанымдар ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлттық мәдениетпен табиғи түрде ұштасқан. Біздің аудандағы діни ахуалды үш сөзбен сипаттай аламын. Бірі тұрақтылық болса, енді бірі ашықтық және алдын алу жұмыстарының жүйелілігі. Жергілікті мешіттер мен дін мамандары халықпен тығыз байланыста. Жастармен жұмыс, ақпараттық түсіндіру шаралары, мектептермен кездесулер барлығы жоспарлы түрде жүргізіліп отырады. Ең бастысы, тұрғындардың діни сұрақтарына дер кезінде дұрыс жауап беретін орта қалыптасты. Дін саласындағы ең үлкен қауіп – ақпараттың шексіздігі мен оны сүзбей қабылдау. Әсіресе жастар әлеуметтік желілердегі діни білімі жоқ адамдардың айтқанын дұрыс деп қабылдап, әртүрлі бейнежазбалар мен белгісіз топтардың шақыруларына сеніп қалуы мүмкін. «Жат ағым», «радикалды көзқарас», «деструктивті идеология» деген түсініктер бірден қалыптаспайды, көп жағдайда адамның интернеттен кездейсоқ көрген бір бейнежазбадан басталады. Сондықтан оның алдын алу жұмыстары – ең алдымен, білім беру саласында қолға алынады. Жастарға діни сауаттың негіздерін түсіндіріп, әлеуметтік желідегі жалған әрі қауіпті ақпараттардан қорғануды үйрету - бүгінгі күннің ең маңызды міндеті. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен исламның арасындағы үйлесімді көрсету арқылы дінді құрғақ ереже емес, ата-баба тәрбиесімен біте қайнасқан рухани жүйе ретінде таныту да аса маңызды. Осындай жүйелі профилактика нәтижесінде ауданда радикалды ағымдардың ашық насихаты байқалмайды, бірақ бұл босаңсуға негіз болмайды. Қауіпсіздік ол, тоқтаусыз жүргізілетін үздіксіз жұмыс. Қазіргі қауіптің түп-тамыры көбіне ақпарат көзіне байланысты болғандықтан, жастардың діни сауатын арттырудың ең тиімді жолы – дұрыс ақпараттық орта қалыптастыру. Әлеуметтік желі «TikTok», «YouTube», «Telegram» сияқты платформаларда діни білімі жоқ адамдардың өз ойына келгенін айтуы жасөспірімдерге теріс әсер етуі мүмкін. Жастарға «нені оқу керек?» деп емес, «нені оқу қауіпті?» деп үйрету әлдеқайда тиімді тәсіл. Мектеп, колледж және жастар орталықтарында жүргізілетін профилактика да осы ішкі сүзгіні қалыптастыруға көмектеседі. Жергілікті имамдар мен теологтардың қолжетімді болуы  маңызды фактор.Осылайша әр жас біздің мамандарға хабарласып, сұрақтарын еркін қойып, дұрыс бағыт ала алады. Ал исламды ұлттық таныммен байланыстырып түсіндіру –тәрбиенің ең табиғи жолы. Қазақтың ырым-тыйымы, әдет-ғұрпы, үлкенді сыйлау, аманатқа адал болу секілді құндылықтардың барлығы шариғатпен үйлеседі. Осындай түсіндірулер жасөспірімнің ішкі фильтрін, яғни дұрыс пен бұрысты ажырата алатын қабілетін қалыптастырады. Бұл – қазіргі ақпараттық заманда ең қажет дағдылардың бірі.

 

– Қазақтың дәстүрі мен исламның байланысы қандай және осы тақырыпта радикалды ағымдардың әсерінен қалай сақтануға болады?

–Айта кетейін, қазақтың дәстүрі исламнан бөлек тұрған жүйе емес. Дәстүр – исламның қазақ даласына бейімделген ұлттық, тәрбиелік формасы. Яғни діннің рухани өзегі сақталып, оған халқымыздың менталитетіне сай мәдени бейне қосылған. Қазақтың әрбір салтында белгілі бір тәрбие, мән-мағына жатыр. Солардың ішінде бесікке салу – баланы бөтен көзден, жамандық пен індеттен қорғау, ұйқысы мен тәртібін реттеу мақсатын көздейтін амал, әрі шариғатқа қайшы емес. Ас беру – шариғаттағы садақаның бір түрі, марқұмды еске алып, дұға жасап, садақа беру исламдағы сауапты істердің қатарында. Құдайы тамақ та халықтың бірлігін, аралас-құралас болуын қамтамасыз ететін мәдени дәстүр. Бата беру – қазақтың дұға жасаудың өзіндік, поэтикалық рухани формасы. Яғни қысқаша айтқанда, дәстүр – діннің сыртқы көрінісі, ал дін дәстүрдің рухани негізі. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрады. Радикалды ағымдардың басты мақсаты – осы байланысқа балта шабу. Олар «бесік харам», «ас беру – бидағат», «бата айту дұрыс емес» деп ұлттық құндылықтарымызды жоюға, дәстүр арқылы келген рухани сабақтастықты үзуге тырысады. Бұл дінді емес, қоғамды әлсірететін әрекет. Сондықтан дін мен дәстүрді қарсы қоймай, керісінше олардың қазақ руханиятының тұтастығын қалыптастыратын жүйе екенін дұрыс түсіндіру өте маңызды. Теріс ағымдардың ықпалынан сақтану үшін адам ең алдымен өз ойы мен іс-әрекетін үнемі бақылап отыруы тиіс. Жат бағыттарға бет бұрудың белгілеріне дәстүрді жоққа шығару, білікті имамдар мен ұстаздардың кеңесін тыңдамау, қоғамның қалыпты нормаларын мойындамау, интернеттегі бейресми «шейхтардың» айтқанын абсолютті ақиқат санап кету жатады. Сондай-ақ отбасымен жиі жанжал шығару, «ақ-қараны» өз бетінше кесіп айту да қауіптің алғашқы белгілері болып табылады. Мұндай жағдайда адамның өз-өзімен жұмыс жасауы жеткіліксіз, теолог пен психологтың көмегі қажет болуы мүмкін. Қазақтың дәстүрлері исламмен толық үйлеседі. Амандасудағы «Ассаламуалейкум», жеті шелпек беру, көрші ақысына мән беру, балаға азан шақырып ат қою, сүндетке отырғызу, құда түсу, неке қию , бұлардың бәрі де исламмен қабысқан мәдени тіректер. Сондықтан бұл құндылықтарды радикалды топтар секілді жоққа шығару - қате көзқарас. Діннің күші дәстүрмен бірге болғанда ғана қоғам тұрақты, мәдениеті сақталған, иманы берік орта қалыптасады.

 

–Қазіргі таңда «балшы» сияқты адамдардың көбейіп кеткені рас, сондай-ақ тұмар тағу мен бәдік айтуға қатысты шариғат үкімі қандай?

–Жасыратыны жоқ, осы күні «балшы» сияқты адамдардың көбеюі, сондай-ақ тұмар тағу мен бәдік айту мәселелері қоғамда кең таралып отыр. Мұндай адамдар көбіне жалған сенімдер мен магиялық амалдарға сүйеніп, діннің атын жамылып халықты адастырады. Шариғат тұрғысынан алғанда адамның мәселесін бейпіл сөздермен, жасанды дұғалармен немесе құпия амалдармен шешуге тырысу - харам. Өйткені бұл амалдар сенімді бұзады және Аллаға деген дұрыс тәуекелді әлсіретеді. Ең қауіптісі –  «осы дұғаны оқысаң, бәрі түзеледі», «тұмар тағу – сұқ сөзден қорғайды» деген түсініктерге сеніп қалу. Бұл адамды шынайы діни білімнен алыстатып, жалған үмітке итермелейді. Сондықтан адамдар өз мәселелері бойынша тек білімді, сенімді дін мамандарына жүгінгені дұрыс. Бәдік айтуға қатысты да түсінбеушіліктер бар. Егер біреудің сөзі немесе жасаған амалы «рух шақыру», «ғайыппен байланысу» сияқты сипатқа ұқсайтын болса, ол дінде қатаң тыйым салынған. Мұндай әрекеттер сиқыршылыққа жақын және жынмен байланыс орнатуға бағытталған амалдарға жатады. Осы себепті бәдік айту діни тұрғыдан құпталмайды.  Тұмар тағуға келсек, егер адам тұмардың өзін бәле-жәледен, аурудан немесе қиындықтан қорғайды деп сенсе – бұл да харам. Себебі адамды қорғайтын тек – Алла.  Ал тұмарды тек әшекей немесе сәндік үшін тағып жүрудің шариғатқа қайшылығы жоқ.  Яғни, мәселе адамның оған қандай сенім артуында. Жалпы алғанда, дінге жат амалдардан, жалған сенімдерден және магиялық түсініктерден аулақ болу – мұсылманның дұрыс жолда екенін көрсететін маңызды белгі.

 

–Нағыз мұсылмандықтың негізгі критерийлері қандай және бүгінгі жастарға діни тұрғыда қандай кеңес берер едіңіз?

–Негізгі критерийлер - Алланы дұрыс тану, оның бұйырғандарын орындауға және тыйғандарынан тыйылуға шынайы түрде ұмтылу. Егер адам барлық бұйрықтарды толық орындай алмаса немесе кей тыйымдардан тиыла алмай жүрсе, бұл оның мұсылман емес деген сөз емес, бірақ оны күнәһар мұсылман қатарына жатқызады. Мұсылмандықтың өзегі - көркем мінез, мейірімділік, әдептілік, жан-жағыңа пайдалы бола білу. Дін – тек құлшылықтар жиынтығы емес, ол  адамның ішкі мәдениеті мен тұлғалық кемелдігін қалыптастыратын рухани жүйе. Жастарға келер болсақ, ең алдымен Алланы дұрыс тануға ұмтылу қажет. Дінді бір адамның пікірімен шектеп қою – ең үлкен қателік. Сондықтан дінді тек бір адамның немесе бір ғана ғалымның көзқарасымен қабылдауға болмайды. Қате түсініктердің көбі дәл осы тар шеңберлі көзқарастан туындайды. Діни білімді сенімді, білікті мамандардан алу – дұрыс жолдың бастауы. Сонымен қатар ықылас пен тақуалықты арттыру да аса маңызды. Шынайылық – адамды адаспайтын жолға бағыттайтын ең мықты негіз. Тақуалық, яғни Алладан қорқу сезімі адамның алған білімін дұрыс қолдануына, өмірінде оны дұрыс іске асыруына көмектеседі. Нағыз мұсылмандық – тек сөзбен емес, мінезбен, адамдықпен, әдеппен көрінетін қасиет.

 

–Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT