Жауапкершілігі жоғары жүргізуші

 

 

Мұнай саласындағы көлік жүргізушілерінің де еңбегі ерекше. Олар кен орындарына қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды дер кезінде жеткізіп, өндірістің үздіксіз жүруіне өз үлесін қосып келеді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында, қиын жолдарда жүріп, қауіп-қатермен бетпе-бет келетін жүргізуші – нағыз төзім иесі. Олардың тәртіптілігі мен уақытқа деген жауапкершілігі өндірістің тыныс-тіршілігінің бір бөлшегі. Осылайша  мұнай саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Абишов Нұрқуат Айдынұлы. 

Ол 1969 жылдың 11 қаңтарында  Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан техникаға қызығушылық танытып өскен кейіпкеріміз әкесінің жолын қуып, көлік жүргізуші болуды армандады. Бұл арман 1984 жылы Аққыстау орта мектебінің 8-сыныбын бітіргеннен кейін Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылында орналасқан №91 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсуімен нақты бағыт алып, 1987 жылы оны ВС санатты жүргізуші, автокөлік жөндеуші-слесарь, тракторист-машинист мамандықтары бойынша ойдағыдай тәмамдады. Еңбек жолын Чапаев совхозында бастап, сол жылы әскер қатарына шақырылады. Сарбаз ретінде әскери борышын абыроймен атқарып, ата-анасына екі мәрте алғыс хат жолданғаны  оның тәртіп пен жауапкершілікке аса мән берген жан екенін көрсетеді. Әскерден оралған соң аудандық орталық ауруханасында жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істеп, науқастарды қала мен ауыл арасында тасымалдау секілді жауапты міндетті атқарды. Ал 1992 жылдың желтоқсан айынан бастап «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жүргізуші ретінде жұмысқа қабылданып, кейін КрАЗ көлігінің моторисі болып ауысты. Содан бері Нұрқуат Айдынұлы КрАЗ бен КамАЗ сынды ауыр техникаларды тізгіндеп, жер астынан өндірілген мұнайдың орнына ащы суды айдау жұмыстарын мінсіз атқарып келеді. Қандай жағдай болмасын, тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып, техника тілін жетік меңгерген білікті маман ретінде танылды. Мұнай өндіру ісіндегі қиындықтар мен техникалық кедергілерге мойымай, өндіріс үрдісін тоқтатпай ұстап тұру  үлкен шеберлік пен төзімділікті қажет ететін іс.

– Еңбек ете жүріп, біліктілігімді жетілдіруді де ұмыт қалдырмаған емеспін. Сөйтіп,  С.Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінде мұнай-газ операторы мамандығын игеріп шықтым . Сондай-ақ, бірнеше мәрте басқармалық және акционерлік қоғам деңгейіндегі кәсіптік шеберлік сайыстарының жүлдегері атандым. Қай мамандықтың да өзіне тән қиындығы бар. Әсіресе техника бұзылса, оны қалпына келтіру, қосалқы бөлшектерін ауыстыру, өндірістегі ауа райы мен жолдың қолайсыздығы мұның бәрі маманнан мықты жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді.Менің негізгі жұмысым жер астынан өндірілген мұнайдың орнына ащы суды насоспен айдау. Өзімізге сеніп тапсырылған істі адал әрі ұқыпты атқаруға тырысамыз»,- дейді тәжірибелі маман. 

Кейіпкеріміз техниканы жан-тәнімен сүйетін, мамандығына адалдықпен қарап, табанды еңбек етіп жүрген. 

Жұмысшы маман – әрдайым өндірістің бел ортасында. Олар даңққа ұмтылмайды, мінберден сөйлемейді. Бірақ солардың елеусіз еңбегі – ел экономикасын алға сүйреп тұрған нақты күш. Сондықтан олар туралы айту – тек құрмет емес, өмір шындығын мойындау.  Еңбегімен еленген осындай жандар туралы айту, оларды үлгі ету – бүгінгі буынның ғана емес, болашақ ұрпақтың да парызы. 

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT