ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ, МЕРЗІМ БЕЛГІЛЕНДІ

суреттер автордікі

 

Облыс әкімінің орынбасары, жол, инфрақұрылым және құрылыс саласына жауапты Қайрат Нұртаевтың ауданға жасаған жұмыс сапары жай шолу емес, халық игілігіне бағытталған нақты қадамдардың бастауы болды. Ол аудандағы әлеуметтік маңызы бар ондаған нысанды аралап, құрылыс қарқыны мен сапасына баса мән берді. Әрбір нысан бойынша мердігерлердің жұмысына терең талдау жасалып, салақтық пен созбалаңға салынған жобаларға қатысты шұғыл шаралар қабылданды.

 Томаннан басталған талдау

Сапар барысында Қайрат Талапұлы бастаған жұмыс тобы алдымен Томан елді мекеніне ат басын бұрды. Мұнда салынып жатқан 80 орындық балабақша құрылысының барысымен және су тазарту имаратын қайта жаңғырту жұмыстарының жағдайымен танысты. Қазіргі таңда қос нысанда да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемелерге құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, Томан бекетінен Атырау-Астрахань тас жолына дейінгі аралықта жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы айтылып, бұл мәселені шешу мүмкіндігін қарастыру керектігі назарға алынды.

 

 

Қос ауылдағы  межелі міндеттер

 Осыдан кейін жұмыс тобы Х.Ерғалиев ауылында жалғасты. Мұнда 8,6 шақырым ауылішілік автожол мен жаяу жүргіншілер жолының күрделі жөндеу жобасы қолға алынған. Асфальттың алғашқы қабаты төселгенімен, толық аяқталмаған. Облыс әкімінің орынбасары жобаны соңына дейін жеткізу үшін нақты мерзім белгілеп, жоспарға сәйкес осы жылдың аяғына дейін бітіруді қаперге берді. Сондай-ақ, көптен күткен демалыс саябағының құрылысы да күн тәртібінен түспеді. Ауыл үшін маңызды саналатын бұл орынның уақытында ашылуы қажет екенін айтып, жұмыстарды шапшаңдатуға шақырды. Жұмыс сапары Тұщықұдық ауылында жалғасты. Мұнда жаңадан салынып жатқан әкімшілік ғимараты, жазғы су құбыры, сондай-ақ ұзындығы 8,3 шақырым автокөлік жолы мен 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолының қайта жаңғыртылуы сапардың бас-ты нысандарының бірі болды. Қазіргі таңда бірқатар жұмыстар аяқталғанымен, тиісті құжаттар тапсырылмаған. Ал бұл мәселеге орай нақты шаралар қабылдап, мерзімінде толық аяқтау жүктелді.

 

 

Аққыстау мен Өркендегі өзекті  жобалар

Аққыстау ауылында жалғасқан сапарда өрт сөндіру депосының, 60 пәтерлік тұрғын үйлердің, кәріздік-тазалау желілері мен имараттарының, сондай-ақ ұзындығы 16,2 шақырым болатын ауылішілік автокөлік жолының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жол құрылысы бойынша мердігер мекемемен келісімшарт бұзылып, кеткен шығындар есептелген. Енді бұл жобаға өзгеріс енгізу немесе жаңа жоба жасақтау қажет екені айтылды. Ал Өркен елді мекенінде де 60 пәтерлік үш қабатты үш тұрғын үйдің құрылысында келісімшарт біржақты бұзылған. Қазір жобаларға түзету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысандарының сенімділігіне нақты баға беру үшін, бұл салада маманданған ғылыми-зерттеу институттарының ресми қорытындысына сүйену қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынған тұрғын үй ауласына абаттандыру және инфрақұрылым жұмыстары да жалғасуда. Аталмыш сапар барысында бұл нысанды уақытында пайдалануға беру тапсырылды. Сондай-ақ ерекше назар аударылған нысандардың бірі – құрылысы ұзаққа созылған өрт сөндіру депосы болды. Бұған дейінгі мердігермен жасалған келісімшарт бұзылып, жобаға қайта түзетулер енгізілуде. Қазіргі таңда жобадағы өзгерістер заңдастырылып, соған сәйкес кейбір құрылыс бөліктері бөлшектеліп, қайта жасақталмақ. Кәріздік тазалау желілері мен имаратында құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. Бұл нысанды іске қосу үшін бірқатар техникалық қайта жасалатын жұмыстар қажет. Осыған байланысты «Атырау облысы Су арнасы» КМК-мен бірлесіп шаралар қабылдау ұсынылды.

 

 

Қайрат Нұртаев сапар соңында барлық мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау және нысандарды уақытында аяқтау туралы тапсырмалар берді.

–       Әрбір нысан – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды жобалар. Сондықтан салғырттыққа жол жоқ. Құрылыс сапасы мен белгіленген мерзім – басты талап, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Жанбайдан Зинеденге дейінгі жауапкершілік

Ауданға қарасты жеті ауылдық округті қамтыған сапар Жанбай ауылына жалғасты. Мұнда жұмыс тобы ұзындығы 9,5 шақырым ауылішілік автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Қазіргі таңда жоба толық аяқталмаған. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарын бақылауға алып, нысанды белгіленген мерзімге дейін толық аяқтауды тапсырды. Ал Нарын ауылдық округінде 300 орындық мәдениет үйі мен 80 орындық балабақша құрылыстары жүргізілуде. Аталған нысандар бойынша жобаларға түзетулер енгізіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Қайрат Талапұлы бұл әлеуметтік нысандардың ауыл үшін маңызы зор екенін атап өтіп, уақытында пайдалануға берілуі керектігін ескертті. Сонымен қатар ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да қарқын алып келеді. Құрылыс жұмыстары басталған, нысан бойынша да белгіленген мерзімді қатаң сақтау тапсырылды.

 

 

Ілгерілеу мен іркіліс

Зинеден ауылындағы ауылішілік 5,1 шақырым автокөлік жолын қайта жаңғырту жобасы бойынша мердігермен келісімшарт бұзылған. Кеткен шығындар нақтыланып, жобаға өзгеріс енгізу жұмыстары басталуда. Бұл бағытта жаңа жобаны жедел дайындау немесе түзету жұмыстарын дер кезінде аяқтау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, Зинеден ауылында көше жарығы құрылысы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталған. Бұл нысандар да жергілікті халықтың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Облыс әкімінің орынбасары бұл жобалар уақытылы әрі сапалы аяқталуы тиіс екенін қадап айтты. Исатай ауылдық округіндегі электр желілерінің құрылысы бойынша да түйткілдер бар. Мердігер мекемемен келісімшарт біржақты бұзылған. Жаңа мердігер анықталып, жобаны қайта жандандыру үшін облыстық бюджеттік комиссияның келісімін алу, түзетулер енгізу және құрылыс жұмыстарын бастау тапсырылды. Сонымен қатар, ауылішілік 8,6 шақырым автокөлік жолының құрылысы жобасы да түзетуге жіберілген. Бұл нысан бойынша да жұмыс қарқынын күшейтіп, пайдалануға беруді жеделдету міндеттелді. Исатай ауылында 148 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы 2025 жылғы 6 наурызда сараптаманың оң қорытындысын алған. 7 наурызда тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданып, енді облыстық бюджеттен қаржы бөлу, мердігерді анықтап, құрылыс жұмыстарын бастау міндеті тұр. Сол сияқты, ауыл көшелерін жарықтандыру жобасы да 13 наурызда сараптамадан оң қорытынды алып, 17 наурызда тиісті басқармаға ұсынылған. Бұл жоба бойынша да алдағы уақытта қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.

 

 

Сапа – сенім кепілі

Осылайша облыс әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобының ауданға сапары кезінде талай жылдан бері қордаланып қалған түйткілдерге нақты талдау жасалып, жедел шешуді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға міндеттер жүктелді.

– Әр ауылдағы құрылыс – тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан шаруа. Сондықтан да қай жоба болмасын, сапасы мен мерзімінен ауытқымауы – басты талап. Біз халыққа уәде бердік. Енді сол уәдені орындауымыз керек. Әрбір мердігер өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, жұмысты тиянақты, белгіленген уақытта аяқтауы тиіс. Құрылыс – жай ғана нысан емес, ол – халықтың сенімі. Ал сенімге селкеу түсірмеу – бәріміздің ортақ міндетіміз, - деді Қайрат Талапұлы.

Бұл сапар – ауданның қордаланған түйткілдеріне жасалған нақты талдау, жауапсыздық  пен жайбасарлыққа тоқтам. Әр ауылдың болашағы – осы басталған құрылыстармен тығыз байланысты. Сондықтан маңыздысы – сөз емес, сапалы нәтиже.

 

 

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT