Жауынгер мүрдесі туған топырағына жеткізілді

Бұрынғы Гурьев облысы, Новобогат ауданының тұрғыны, 1920 жылы туған Бейсенғали (Бисеш) Малдыбаев 1940 жылы 20 жасында Бақсай әскери комиссариатымен майданға алынады.

1941 жылы полктың дайындық мектебін тамамдаған соң 268 атқыштар дивизияcының құрамында Эстония ССР аумағына жіберіледі.

Шені – сержант. Эстониядан құрамында аталған дивизиясы бар 8 Армия шегінген кезде Нарва қаласынан Ораниенбаум плацдармына дейін жүріп келіп, Ораниенбаум үшін болған шайқастан кейін Ленинград облысына жіберіліпті. Одан соң Колпино түбіндегі майдан шегіне орналастырылады. Бұл жерде тарихтан белгілі болғандай, кескілескен шайқас жүріп, Тосна өзені үшін жан алысып, жан беріскен соғыста жерлесіміз Бисеш Малдыбаев опат болған екен.

t

t

Бүгінгі күні ІІ дүниежүзілік соғыс болған жерлерді зерттеумен айналысатын «Горячий снег» еріктілер тобы осы маңнан жерлесіміздің мүрдесін тауып, әскери тәртіп бойынша әр жауынгер өзімен бірге алып жүруі тиіс шірімейтін материалдан жасалған капсула ішінен жауынгердің аты-жөні мен мекен-жайы жазылған мәлімет арқылы туған жеріне хабар жіберіп, бүгінде сол еріктілердің ұйымдастыруымен және Исатай ауданы әкімдігінің қолдауымен 1942 жылдан бері із-түссіз жоғалғандардың қатарында болып келген жерлесіміздің мүрдесі және онымен бірге жауынгердің әскери шинелінің жұрнағы және Бисеш Малдыбаевқа соғыста көрсеткен ерлігі үшін тағайындалып, бірақ табыс етілмеген «За оборону Ленинграда» медалі туған топыраққа жеткізілді. Марқұмның туыстарының мәліметінше, Новобогат ауылы, Амангелді көшесі, 49-үйден Кенжәлі, Бердіғали, Бейсенғали атты 3 бірдей ұлы майданға алынып, хабарсыз кеткен ұлдарын көзі жұмылғанша аналары Малдыбаева Жәміш 1957 жылға дейін әр жаққа, түрлі мұрағаттарға хат жазып, іздеген екен. Алайда, анасының көзі жұмылған соң іздеусіз қалған боздақтардың хабары сексен жылға жуық уақыт өткенде барып шыға бастады. Әуелі Кенжәлінің хабары биыл көктемде Украина елінің Днепропетровск қаласы маңындағы Сошино селосындағы бауырластар зиратынан табылса, Бейсенғали 2019 жылдың 10 мамыр күні Ленинград облысы, Колпин ауданы, Усть-Тосненск стансысынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерден табылды. Бердіғалидан хабар жоқ.

t

t

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Құрманғазы ауданы, Котяев ауылындағы шекарасына дейін жауынгердің мүрдесін жеткізген еріктілер тобының өкілін күтіп алған аудан әкімдігі ұйымдастырған аудандық делегация мүшелері Ресей елінің азаматына алғысын айтып, аудан әкімі Марат Мурзиевтің алғыс хатын табыс етіп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Сол күні жауынгер мүрдесі Исатай ауданы, Қамысқала ауылдық округінің орталығы Х.Ерғалиев ауылына жеткізіліп, туыстарының қолына табыс етілді. Сонау Ресей даласында жаумен шайқаста көмусіз қалған Бисеш Малдыбаевтың мүрдесі мұсылмандық жолмен жаназасы оқылып, арулап жерленді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521