Жаза басқанның жазасы көбейеді

Қадамын қиыс басқандардың ішінде сүріншек келетіндері де, онысынан сабақ алып, түзу жолды таңдайтындары да бар. Тәртіптен тайқып, заңға қайшы әрекет қылғандарды бақылауда ұстайтын пробация тобының негізгі міндетінің бірі - оларға оң бағыт көрсетіп, бұрынғы қателіктерін қайталатпау, сол бағытта әртүрлі іс-шараларды қолға алу. Өткен апта соңында аудандық полиция бөлімінде ұйымдастырылған басқосудың куәсі болдық.

Аудандық пробация бөлімінің мұрындық болуымен өткен жиынға діни бірлестіктермен жұмыс және аудандық жұмыстарды үйлестіру бөлімінің маманы Е.Насимуллин, «Шапағат» диструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологі Н.Хаван, басқа да мамандар, есепте тұрған азаматтар қатысты.

Мамандар, алдымен, елдегі діни ахуал жайында сөз етіп, игілікке толы ислами жолды бұрмалаушылардың салдарынан орын алып жатқан олқылықтарды атап өтті. Дінислам қағидасына сәйкеспейтін мемлекет заңына қарсы шығу, басқа мұсылманды күпірлікте айыптау немесе өзге елдерде зәбір көріп жатқан мұсылмандарды қорғаймыз деген желеумен шетел асып, салдарынан түрлі саяси ойындардың құрбаны болу сынды фактілердің алдын алу үшін діни сауаттың қажеттігі айтылды.

"Жалпы мемлекетке қарсы мүддедегі кейбір топтарға толыққанды, сауатты адамдардан гөрі өмірде қиыс қадам басқан азаматтарды арбау тиімдірек және неғұрлым жеңіл. Өйткені, шалыс басып, заң алдындағы айыбын өтеп келгендердің мемлекетке, заңға деген көзқарасы оң бола бермеуі мүмкін. Ал, бұл - теріс ағым өкілдеріне таптырмас қару. Сол себепті ақ пен қараны, қате мен дұрысты ажырата алу үшін діни сауат қажет" деді Е.Насимуллин. - Ата дінімізде ата-ананың рөлі ерекше. Олардың разылығын алу - Ұлы Жаратушының ризалығына апаратын жол. Ал, әкесі мен анасын діни сауатсыздығы үшін кәпір санайтындар тура дінді түсіне алмай жүрсе керек. Өмір бір-ақ рет беріледі, оны адал сүріңіздер, - деген маман сөзін теолог Н.Хаван жалғады.

Одан соң аудандық пробация қызметі тобы есебінде тұрған азаматтарға өз міндеттері жөнінде тағы бір мәрте түсінік берген бөлім басшысы Г.Қалешова оларды белгіленген тәртіпті сақтап, міндеттерді бұлжытпай орындауға шақырды.

- Есепте тұрғандардың бәрі бірдей емес, - дейді жиыннан соң біздің сауалымызға жауап берген бөлім басшысы.

- Олардың арасында ұқыпты, өзіне қойылған талап деңгейінен шығып жүргендер де, керісінше уақытылы тіркеуден өтіп тұру, шектеулі уақыт ішінде үйінде болу секілді қағидаларға немқұрайлы қарайтындар да табылады. Мәселен, былтырғы жаза өтеу барысында сондай тәртіпке көнгісі келмеген 4 сотталғанға қатысты бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрап аудандық сотқа ұсыным жолданды, - дейді ол.

Ал, биылғы қаңтар айында сол төртеудің ішінен аппеляциялық шағымы қанағаттандырылған 4 баласы, зейнеткер анасы бар екені және денсаулығының кемдігі ескерілген 1 сотталған азамат бостандыққа шығыпты.

- Өзінің тергеу абақтысында өткен күндеріне өкінген азамат енді ол жаққа бармау керектігін, бостандыққа ештеңе жетпейтіндігін айтып, мұңын шақты, - дейді маман. Керісінше, ауданда пробация бөліміне бір төбе көрсетіп қойсам немесе белгіленген уақытта қол қойып кетсем ғана болды деп санайтындар аз емес екен. Өздеріне жүктелген басқа да міндеттерге немкетті қарайтын сондай тұлғалардың тағы бірін бас бостандығынан айыру жөнінде сотқа ұсыным жолданып жатқан көрінеді.

Негізінен бұл саланың мақсаты жазалау емес - оларды қоғамға тәрбиелеу. Осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар да баршылық. Атап өтсек, былтыр 13 сотталған тұлға тұрақты жұмысқа орналастырылса, ауданнан 6 сотталған азамат халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Атырау қаласына қайта даярлау курсына кәсіптік білім меңгеруге оқуға жіберіліп, куәлік алып шыққан. Ал, «Бастау Бизнес» жобасымен 3 сотталған тұлға кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілсе, 1 азаматқа жағдайы ескеріліп, 1 бөлмелі жатақхана беріліпті.

Айта кетейік, күні бүгін аудандық пробация қызметі тобының есебінде 56 адам тұрады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521