Жазғы су желілеріне «жан бітер» күн жақын

 

Бүгінде ауданның ауылдарында атқарылған, атқарылып жатқан, атқарылуы тиіс жұмыстардың бәрі сол ауыл үшін, ауыл халқы үшін жасалып жатқан игіліктер екеніне жарқын мысалдар аз емес. Нәтижесінде ауылдарымыз заманға сай кескін-келбетін иеленді, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі түзеле түсті. Алайда, шындығы керек, сол ауылдарымызды жасылдандыру жайы кенже қалып жататын. Оның бір себебі, жазғы су желілерінің жоқтығы еді. Айналғанда таза ауыз суға «ауыз салудың» ақыры оның текке ысырап болуына алып келіп жүрген жағдайлары да бар.

Енді міне, ауылдардағы айтылған жетпестіктердің орны толатын болды. «...Қазіргі уақытта Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Жанбай ауылдарындағы жазғы су құбыры желісі жобасының құрылыс жұмыстары аяқтала келді, келесі жылы іске қосатын боламыз. Жалпы, бұл өз кезегінде тұрғындардың ауыз суды пайдалану тәртібіне (мал суару, тал егу, т.б. тұрмыстық қажеттіліктер) оң өзгерістер әкеледі деп ойлаймын» деген еді ол жөнінде аудандық газетке берген жыл соңындағы сұхбатында аудан басшысы Нұрым Мусин.

Айтса айтқандай, ол күн де алыс емес сыңайлы. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғалидан білгеніміздей, «Гранд-Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдыңғы жылы қолға алған осынау құрылыс жұмысы айтылған уақытта аяқталған. Аталған үш ауылдағы бұл су желісінің жалпы ұзындығы 114 шақырымға жуықтайды. Олардың бойында тиісті су гидранттары орналастырылған. Сондай-ақ әр ауылда кемінде үш күн тұтынуға толық жететіндей канал суын жинайтын бассейндер мен су сорғылары да орнатылулы.

–Жазғы су желілері құрылысы өткен жылы аяқталды. Көктем туысымен тексеру, іске қосу жұмыстары жасалып, қабылданып, пайдалануға берілетін болады,-деді бізге А. Қуанғали.

«Жақсы десе жан сүйінеді», ауылдың ажарын арттыруда айтарлықтай үлесі болатын бұндай игілікті істің ауылдастарға үлкен қуаныш сыйларына сенімдіміз. Ал Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амировтың айтуынша, ауылға жүргізілген жазғы су желілерінің биыл пайлануға берілетіндігіне байланысты тұрғындарға тал-теректер отырғызуға, бақша салуға деген жерлерін осы бастан қопсытып, тыңайтуға жұмыстана берулері түсіндірілуде.  

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT