Жазылған жайттың жауабы қайда?

Аудандық газет – аудан айнасы. Бұл, басқасын айтпағанда, қолыңыздағы басылым алғаш жарық көре бастаған 1953 жылдан бері солай болып келе жатқаны - көптің көз алдындағы ақиқат жайт. Сөйтіп, ауданның тұтас өмірін, соның ішінде жетістіктер мен кемшіліктерді де көрсетуді мұрат тұтқан газет оқырманы үшін осынысымен құнды болып келеді, солай бола бермек те.

Алайда, соңғы уақытта, қайбір мәселелерде қатысы болсын-болмасын, өзі соны оқысын-оқымасын, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей оймен аудан айнасына күйе жаға салатындар кездесіп қала беріп жүр. Соның біріне Тұщықұдық ауылдық округіндегі ауыл әкімінің есепті жиынында куә болып, іштей қынжылғанымыз бар. Ауылдың қоқысы жиналмайтынын залдан тұрып айтқан әңгімесіне арқау еткен өзім жақсы сыйлайтын бір ағамыз ауыл әкімін ақтағысы келді ме, жоқ ,әлде, жеме-жемге келгенде айтпағынан тайқып кетті ме, «аудандық газет соны жазбайды, кілең мақтау» деген тұрғыда «қойып қалғаны» бар. Апырай, «айтпағын әкіміне айтпай ма, талапты әкіміне қоймай ма, ауылдасты тазалыққа үндемей ме, бұл жерде газеттің қандай кінәсі бар еді» деген ойда қалдық. Ал, шындығында, сол Тұщықұдық ауылы тұрғындарының қоқысы анау Айбасқа дейін жетіп, бәзбіреулерінің астындағы атын үркітіп жатқанына дейін жазған осы газет болатын. Ағамыз, айтқыш болса, соны айтуы керек еді ғой. Сондай-ақ, газет бетінде біреуді мақтау, мадақтау азайғалы, барының өзі ақылы, жарнамалық түрде жарық көретін болғалы қашан.

Болмаса, жуырда бір ініміз «аудандық газет спорттан басқа ештеңе жазбайды» дегендей ойын да қыстыра кеткен қисынсыз әңгімесін әлеуметтік желіге жолдай салыпты. Егер ол газетті мән бере оқыса не жазылып жатқанын аңдаған болар еді-ау дедік. Дедік те қойдық, айтыс-тартыс абырой әпермесі анық-ты.

Қазір ойласам, осының бәрінің негізі немкеттілік деген пәледе жатқан сыңайлы. Олай ойлауымызға да себеп жоқ емес. Жуырда редакцияға қоңыраулатқан бір оқырманымыз «анау Ардагерлер саябағындағы Еңбек Ерлерінің жоғалған тақтасы орнына әлі қойылмапты, не бітіріп отырсыңдар» деген бағытта біраз «өкпесін» ақтарды. Айтуы дұрыс, бірақ «өкпесінің» адресі басқа болуы керек-ті. «Жарайды, жеткізерміз» дедік те қоя салдық.

Тіпті, күні кеше бір оқырманымыз «қоғамдық әжетхана салына ма, жоқ па?» деп «шаңымызды қағып» алғысы келді. Қашанғы шыдайық, айттық, оның жазылудай жазылғанын, біздің, яғни газеттің, бір түйір кінәсі жоғын дәлелдеп бақтық. Ақырында осының бәріне әлгі бір немкеттілік кінәлі-ау дегенге тоқталдық.

Ойлап отырсақ, оқырманның да кінәсі жоқ сияқты. Газетте жазылған нәрсеге тиісті лауазым иелері немкеттілікпен қарамай, кезінде жауабын беріп, бүге-шігесін ашып айтып жатса, оқырман да бәріне қанығып отырар еді ғой. Олай болмағасын жерде олар «тазы ашуын тырнап аладыға» салып, «жазылған жайт жайына қалмасын» дей ме, баяғы бізді «тауып» алатын, «қауып» алатын сыңайлы.

Осыдан кейін өз кезегімізде «жазылған жайт жауапсыз қала бере ме?» деген сауалды біз де тиісті иелеріне бағыштағанды жөн көрдік. Бүгінгі күннің талабы тұрғысынан қарағанда да бұның қатесі жоқ.

Жоламан Дәулетияр

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21