Аталған басқосудың алғашқысы ауданның ең іргелі елді мекендерінің бірі Тұщықұдық ауылында өтті. Оны ашқан ауылдық округ әкімі Арслан Амиров кездесудің мақсатына тоқталып, «Газетке жазылу баспасөзге жанашырлықтың бірі деп жүрміз ғой. Шындығында, газетке жазылу, үлкен болайық кіші болайық, алдымен өзіміз үшін керек.
Бәріміз де оқырманбыз, баспасөздің өмірмен өзектес тақырыптарды қозғап келе жатқанына куәміз. Біздің аудандық «Нарын таңы» газеті болса, осы ауданның, ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін ауылдасқа жеткізіп отыратын бірден-бір басылым саналады. Бізге рухани да, мәдени де, әдеби де дүниелер беріп, шаруаның қыр-сырына қанықтырып келе жатқан да алдымен осы «аудан айнасы» деуге болады,- деген әкім бірден жиынның мақсаты – жазылу жайы екенін айтқан.
Сол кіріспе сөзінде ауылдағы кейбір кәсіп иелерінің бұған дейін аз қамтылған ауылдас-тарын, кейбір мүгедектігі бар жандарды аудандық газетке жаздыруға демеушілік жасап келе жатқанын да атай кеткен. Айтуынша, биыл да жол құрылысымен айналысушы бір кәсіпкер 10 адамды жаздыруға демеушілік жасапты. «Демеушілік өз алдына ғой, газетті жаздырып алудың өзі – жанашырлық, ендеше дәл қазір сол жанашырлық керек болып тұр» деді округ басшысы.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

