Исатай ауданына іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Орынбасарұлы Жұбанов келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Оған ауылдық округтер әкімдері, мекеме-кәсіпорын, салалық бөлімдер мен қоғамдық ұйым басшылары, депутаттар, шаруа қожалығы жетекшілері, еңбек ардагерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Мәжіліс депутаты алдымен Х.Ерғалиев ауылында болып, бүгіндері салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысты. Сондай-ақ ол Тұщықұдық ауылының тұсынан ағып жатқан "Бақсай" каналының басында да болып, биылғы жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көрді. Мердігерлік мекеме басшыларымен кездесіп, тапсырылған жұмысты дер кезінде орындап, оларға сапалы да тиянақты аяқтауды тапсырды.
Бұдан әрі Мәжіліс депутаты Ә. Жұбановтың жергілікті тұрғындармен кездесуі "Жалын" мәдениет үйінде жалғасты. Кездесуді аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы Мусин ашып, сөз кезегін депутатқа берді. Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов кездесу барысында жиналғандарды жоғарғы заң шығарушы органның жұмыс қорытындыларымен, заң шығару қызметінің ерекшеліктерімен, Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өтті.
-Құрметті жерлестер! Осы жылғы сәуір айында сайлау өтіп, мен де сіздердің қолдауларыңызбен Мәжіліс депутаты болып сайланған едім. Парламент қабырғасына барғаннан-ақ Мәжіліс қарауына 70 заң келіп түсті. Оның 25-і Сенатқа қарауға ұсынылса, 21-ін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, бекітті. Осы аралықта "Ұлттық қор-балаларға", "Қоғамдық бақылау", «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы», "Жер және оның қойнауы, қазба байлықтары, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да ресурстар ", "Лудомания» туралы көптеген заңдар қабылданды.
-Депутат болып сайланғаннан кейін мен де өңірлік мәселелерді тұрақты түрде Парламент отырыстарында көтеріп келемін. Ол жақтағылар біздің облысты бай өлке деп айтады. Ия,шынында да, мұнай-газ өндіруден біздің өлкемізге көп қаржы түсетіні де рас. Бірақ одан бізге еш пайда көріп жатқанымыз жоқ. Көбі мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалып жатыр. Ол қаржыны жергілікті жерге алып қалуға атқарушы биліктің қолы қысқа. Меніңше, пайдадан түскен қомақты қаржының бір бөлігі жергілікті жерге қалдыру жолында тиісті министрліктермен ақылдаса отырып, жұмыстануымыз керек. Бұл үрдіс әлі де сол қалпында жалғасын тауып келеді. Егер осы қаржыны біз тиімді пайдалана білсек, Атырау өңірінің пәлен жылдардан бері қордаланып қалған мәселелері шешімін табар еді. Бір сөзбен айтқанда, мұнай- ортақ байлығымыз. "Қара алтынды" миллиондап өндіргенімізбен, қоршаған ортамыз жылдан-жылға нашарлап барады. Шынын айту керек, өндіріс орындарынан ауаға шыққан улы газдан тыныс алу мүмкін емес. Жергілікті тұрғындардың денсаулығын кім түзейді? Бұрындары ауаны бүлдіруші өндіріс орындарының жұмысшы-қызметкерлеріне 70 пайыздық мөлшермен коэффициент төлейтін еді. Осыны қайтадан қолға алуымыз керек.
Қазір Парламент Мәжілісі отырыстарында "Қылмыстық Кодекс" заңы қаралуда. Қарап отырсаң, мұнда да шикі тұстар жетерлік. Мен бір мысал айтайын. Жақында бір апта бұрын көрші Құрманғазы ауданының бір отбасы келіп, өтінішін айтты. Олар Қиғаштың теңізге құяр аузында болған соң, балық аулаған ғой. Аулап жүргені бағалы бекіре тұқымдасқа жатпайды, ұсақ шабақтар. Содан 1-2 қап балық ауладың деп 10 жылға соттап жіберген. Сондай-ақ атыраулықтар Астрахан қаласынан қызыл балық сатып әкеледі екен. Олардан да пәлен миллион теңге айыппұл өндіріп, балық сатуға тыйым салған. Ал теңізден жүз млрд тонна балық ұрлаушыларға ештеңе демейді. Олар судан таза, сүттен ақ боп құтылып кетеді. Тіпті оларды Қылмыстық Кодекстен алып тастаған. Еш шара қолданбаған. Қоғамның бұл түйінді мәселелерін Мәжіліс пен парламент комиссия отырыстарында ұсыныс ретінде тұрақты түрде көтеріп келемін,
Өздеріңіз білесіздер, «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөздің мағынасы терең. Былтырға дейін Конституция бойынша жер және оның ресурстары мемлекеттік меншікте болып келді. Бұл жоғары лауазым иелерінің жер мен қазба байлықтарды пайдалану мәселелерін жұртшылықпен ақылдаспастан, өз қалауынша шешуіне мүмкіндік беріп, мұның аяғы кейде халық наразылығын туғызғаны мәлім. Қарапайым адамдардың: «Еліміздің жерінің үсті де, асты да – тұнған байлық. Тәуелсіздіктің арқасында алдағы уақытта мұнайымен байыған Катар мемлекетінің халқы сияқты молшылықта өмір сүреміз», деген ортақ арманы елдің жағдайын ойламай, қара басының қамын күйттеген шенеуніктердің сыбайлас жемқорлығының құрбандығына шалынған. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек»,-деген еді. Осы орай Ата Заңның 6-бабының 3-тармағы: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», деп өзгертілді. Бұл еліміздің табиғи ресурстарының игілігін олардың заңды иесі – халық та көретін кез туды деген сөз. Соның басы ретінде Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру бастамасын көтерді.
«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы
1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын»,-деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев бір Жолдауында. Мен Президентіміздің бұл сөздерін неге мысалға келтіріп тұрмын. Жаңа бір сауал тастаған ағамыз қандай қазба байлықта халық меншігі деген еді. Сол сауалға түсінікті болсын жауап ретінде айтып жатқаным ғой,-деді ол.
Кездесуде жергілікті тұрғындар тарапынан ішкі істер саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер К.Әбілхасанов, Аққыстау ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы, зейнеткер Қ.Сыдихов, ауданның Құрметті азаматы Боранбай Халидуллин, Тұщықұдық ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы, Білім беру ісінің үздігі Балғаным Қайырлиева, Құрмет Шеруенов тағы басқалары жарық, газ,су, азық-түлік бағалары күннен-күнге қымбаттап бара жатқанын, қарапайым ауыл қазағының зейнетақысы мен еңбекақысы аздығын, жастарға жұмыс жоқтығын, тұрғын үй құрылысының ұзаққа созылып кеткендігін, жолдың сапасыздығын, мердігерлік мекемелердің жауапсыздығын, қоршаған ортаның адамдардың өмірі мен денсаулығына өз әсерін тигізіп жатқанын, ит ату мәселесі секілді сұрақтар келіп түсті.
Сондай-ақ тұрғындар сыбайлас жемқорлықты жоймай, мемлекет ілгерілемейтінін, ол үшін бар байлықты тонап, ауылшаруашылығы саласын құрдымға жіберген ескі жүйені түбірімен өзгертіп, жаңарту бүгінгі күннің еңөзекті мәселесі екенін өткір тілге тиек етті.
Өз кезегінде Әділ Орынбасарұлы қойылған сұрақтардың көпшілігіне жан-жақты жауап беріп, заңнамалық өңдеуді қажет ететін мәселелерді алдағы жұмыс үшін жазып алды. Соңында аудан әкімі Н.Мусин Мәжіліс депутаты Ә. Жұбановқа жергілікті тұрғындар атынан әсерлі кездесу өткізгені өз рақметін жеткізді.Сондай-ақ депутат тұрғындармен жеке қабылдауда өткізді. Соңында Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың халықпен кездесуден кейінгі жеке пікірін де білген едік.
-Қазір күллі халқымыз депутаттарға үлкен үміт артып отыр.Өткен жылы тұңғыш рет конституциялық өзгерістерде халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанын білесіз. Жалпы, мемлекет үшін халықтың сенімінен, халықтың тілегінен артық ештеңе жоқ деп ойлаймын. Халықтың сенімі – шын мәнінде қоғамның қозғаушы күші. Халық қазір үлкен өзгерісті күтіп отыр. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің депутаттармен санасатынын байқап жүрміз. Демек, бұл депутаттардың айтары барын, халық атынан сөйлеуде, салмақты ой айтуда орны барын, беделінің артып келе жатқанын аңғартады. Сондықтан біз халықтың ой-пікірлерімен үнемі санасып отыруға тиістіміз деп ойлаймын, - деді ол.
Аяпберген САЛИХОВ