Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енбек. Жаңа құжат жеке табыс салығынан бастап, өзге де салық түрлерін қамтып, кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін бірқатар өзгерістерді енгізуді көздейді. Осыған орай ауданымызда жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті.
Бұл жиынға жергілікті кәсіпкерлер, есепшілер мен экономистер қатысты. Семинарды Атырау облысы Кәсіпкерлік палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрлан Сүйінбаев төрағалық етіп, жүргізді.
Семинар барысында Департамент басшысының орынбасары Бекен Шанаев салық кодексіндегі өзгерістерді тілге тиек етті.
–Қазақстандағы резидент заңды тұлғалар, сонымен бірге елде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар Корпоративтік табыс салығын (КТС) төлейді. Мемлекеттік мекемелер ғана салықтың осындай түрінен босатылады. Басты өзгеріс – 2026 жылдан бастап республикадағы білім беру мекемелері де КТС төлейді. Оқу орындары осы уақытқа дейін КТС төлеуден босатылып келді. Енді олар 2026 жылы 5%, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10% КТС төлейді,-деді ол.
Одан бөлек, бұл шараға №2 қашықтық мониторинг бөлімінің басшысы Серіккерей Қуанов, Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Атиғолла Галимов, Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Бисен Юсубалиев, Түсіндіру жұмысы және «Байланыс орталығы» басқармасының басшысы Элиза Метенова мен бас маманы Эльмира Мұханбетжанова, сондай-ақ Исатай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Әлім Қонысов жаңа кодекстегі жаңашылдықтар жайында баяндама жасап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Соның бірі жергілікті жеке әрі әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Тахаева семинар барысында өз сауалын жолдады.
– Әлеуметтік кәсіпкер ретінде бізге қандай жеңілдік-тер қарастырылғанын білгім келеді. Сондай-ақ сақтандыру мәселесіне тоқталғым келеді. Жақында Еңбек инспекция-сы тарапынан айыппұл салынды. Себебі дүкенімде жұмыс істейтін 12 адамға қауіпсіздік сақтандыруын рәсімдемегенмін. Бұл талапты бізге ешкім нақты түсіндірмеген еді. Осы күнге дейін медициналық сақтандыру мен салық төлемдерін уақытылы орындап келемін. Дегенмен осындай қосымша міндеттемелер алдын ала түсіндірілсе, біз үшін тиімді болар еді,-деді ол өз сөзінде.
Мамандар кәсіпкердің сауалына түсініктеме беріп, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жеңілдіктер мен міндетті сақтандыру шараларын алдағы уақытта жан-жақты түсіндіретінін жеткізді. Жиын соңында қатысушылар жаңа Салық кодексінің енгізілуі бизнесті қолдауға, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және салық саласының ашықтығын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сағыныш ҚАЙЫР