7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні ауданда ерекше серпінмен аталып өтті. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен ерлер арасындағы волейболдан аудан біріншілігі салауатты өмір салтын дәріптеп қана қоймай, спорттың ел ішіндегі беделі мен бірлікті нығайтудағы рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарысқа арнайы қонақ ретінде аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан, аудан прокурорының орынбасары Жақсылық Сикимов және спорт ардагерлері қатысты.
Спорттық шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Нұрым Мусин барша қатысушыларға сәттілік тілей келе, бұл күннің қоғам үшін маңызына тоқталды.
– Дүниежүзілік денсаулық күні – әр азаматты өз денсаулығына мән беруге үндейтін маңызды күн. Ал спорт – тек тән саулығы ғана емес, рух пен тәртіптің де көрінісі. 2021 жылдан бері ауданда нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі спорттық жобалар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар жастарды салауатты өмірге тәрбиелеудің тиімді жолы,-деді ол.
Ауданның әр түкпірінен жиналған 8 команда, атап айтсақ «Аққыстау-1», «Исатай», «Зинеден», «Қамысқала», «Жанбай», «Нарын», «Аққыстау-2» және «Тұщықұдық» ауылдарының спортшылары ойын алаңында өзара мықтыны анықтады. Қызу тартысқа толы ойындар көрермендердің де делебесін қоздырды. Жанкүйерлер қолдау көрсеткен сайын ойын көрігі қыза түсті. Әр команда жеңіске деген жігерімен ерекшеленіп, спорттық бәсекенің шынайы рухын көрсетті.
Жартылай финалдық кездесуде Тұщықұдық командасы Нарын ауылын, ал Жанбай командасы Аққыстау-2 командасын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
Қола жүлде үшін өткен кездесуде нарындықтар Аққыстау-2-ні 2:1 есебімен жеңіп, үздік үштікті түйіндеді. Жүлделі үшінші орынға тұрақтаған «Нарын» командасына тоқтала өтсек, оларда халық саны аз болса да, аудандық деңгейде жақсы өнер көрсетіп, үздіктер қатарына енуі нарындықтардың спортқа ден қойып, белсенділік артқанының көрінісі деп білеміз. Ал финалдық кезеңде тартыс тіпті шиеленісе түсті.
Екі жақ бір-бірінен бір қадам алға шыққысы келгендей, әр ұпай үшін жанын салып ойнады. Нәтижесінде, Тұщықұдық командасы Жанбай ұжымын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс – тек спорттық жетістік қана емес, ауыл жастарының ұйымшылдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Турнир барысында бірнеше спортшы шебер ойынымен көзге түсті. Атап айтсақ, Аманжол Әлиахмет, Жеңісов Мейрамбек, Жұмабаев Жарасбек және Күбегенов Нұрғали «Үздік ойыншы» атағына лайық деп танылды. Жеңімпаз Тұщықұдық командасына ауыспалы кубок пен арнайы спорттық жейделерге арналған сертификат табысталды. Бұл кубок – ауыл мақтанышы ғана емес, келесі жарыстарға деген жігердің, жауапкершіліктің белгісі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың келесі жазғы кезеңі Жанбай ауылында өтеді деп жоспарланып отыр. Демек спорт додасы әлі де жалғасады, ал басты жеңіс – дені сау, сергек ойлайтын, жігерлі ұрпақ тәрбиелеу болмақ.
Сағыныш ҚАЙЫР
сурет автордікі