Жылдар жылжыған сайын алыстап бара жатқанымен, жүректегі жаңғырығы ешқашан өшпейтін тарихи оқиғалар бар. Солардың бірі де бірегейі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс. Биыл – Ұлы Жеңіске 80 жыл. Елімізде бұл мерейтой кең көлемде аталып өтіп жатыр. Ел Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, тылда қажырлы еңбек еткен жандарға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерекелік медалі табысталуда.
Осыған орай Зинеден ауылдық округінде де ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов шалғайағы ауылға арнайы ат басын бұрып, округ әкімі Айгүл Адилова, ауыл ақсақалы Уахит Адилов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділбек Биханов және округтің бас маманы Нұрлан Пауеденов тыл ардагерлерін аралап, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік төсбелгісін, ауыл әкімінің Құттықтау хатын және сый-сияпаттарын табыстады.
Осы күні мерекелік медаль алдымен ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Бақтығали Құбашев ақсақалға табысталды. Ол 1975 жылы Забурын ауылына көшіп келіп, совхозда басқарушы қызметін атқарған. Мамандығы – мал дәрігері. Жануардың жайын баладай білген білікті маман ауылдағы әрбір шаңыраққа қызмет көрсетіп, тіршіліктің тірегіне айналған жан.
Бүгінгі марапат Сағида Жұмағалиева апайдың да еңбегіне берілген әділ баға болды. Қиын-қыстау заманда қойшының көмекшісі болып, шаруашылықтың ауыр жүгін иықтаған. Таңның атысы, кештің батысы дегенді білмей, шопандармен бірге мал соңында жүріп, ауыл тіршілігінің тоқтаусыз айналымында еңбек еткен жан. Сол секілді Париза Нағышева да – бейбіт күннің батыры. Медицина саласының маманы ретінде ауыр күндерде адам өміріне араша түсіп, өз ісіне адал болды. Ауылда көлік болмаған тұста, шұғыл шақыртуға түйемен немесе трактор тіркемесімен жолға шығатын. Қарлы боран, қараңғы түн дегенге қарамай, ана мен баланың амандығы үшін күрескен.
Осы үш ардагердің тағдыры мен еңбегі – тылдағы төзімділіктің, ерен еңбектің жарқын көрінісі. Олар майдан даласында болмаса да, ел ішінде еңбек майданын қалыптастырып, Жеңістің іргетасын қалаған жандар. Еңбектері ескеріліп, бүгін Ел Президентінің атынан берілген марапат — сол қажырлы жылдардың құрметі мен бағасы.
– Бұл кісілердің жасаған еңбегі – тарих. Сол тарихты көзімізбен көріп, сол кісілердің өз аузынан естіп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық борышымыз. Ардагерлерге деген құрмет ешқашан кемімейді. Ел үшін еткен еңбекті елеусіз қалдырмай, лайықты марапаттау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Осындай мерекелік медаль – ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын рухани көпір,-деді аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов.
Марапат алған қариялар да жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Еңбегіміз ескеріліп, осындай үлкен құрмет көрсетіліп жатыр. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Енді соғыс болмасын. Немере-шөбереміз бейбіт өмір сүрсін,-деп ардагерлер ақ баталарын берді.
Айта кету керек, бұл марапаттау шаралары алдағы күндері де жалғасады. Қалған тыл ардагерлеріне мерекелік медальдерді округ әкімі өз кезегімен табыстайтын болады.
Ж.МӘЛІМҚОЖА