Жел қуалаған қоқыс көшенің сәнін алып тұр

(0 Votes)

Ауылдың ажары оның тазалығымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, ол бәрімізге ортақ міндет жүктейтіні белгілі. Онымен айналысушы адамдар да, жекелеген тұрғындар да бұған бейжай қарамағаны жөн десек қатесі болмас дейміз.

Алайда соңғы уақытта Аққыстау ауылдық округінің Томан елді мекеніндегі жинақталған қоқыс уақытылы алынбай, ақырында желмен жан-жаққа шашылып, қолайсыз көрініс тудырып отырған жайы бар екен. Ауыл тұрғыны Алексей Чернов бұл мәселеге бейжай қарамай, редакциямызға хат жолдап, қоқыстың бірнеше күннен бері жиналмай жатқанын, тұрғындардың мүмкіндігінше өз күштерімен тазалап жүргенін айтып, бұл жағдайдың себебін білгісі келетінін жеткізді.

Оқырман өтінішіне орай мәселенің мән-жайын білу мақсатында Аққыстау ауылдық округінің бас маманы Ақтоты Балмулдинаға сауал жолдаған едік. Ақтоты Шарапиденқызының түсіндіруінше, бұл жағдай уақытша туындаған мәселе көрінеді.

– Субсидияланатын жұмыс орны бойынша ақылы қоғамдық жұмыстарға өтінім қаңтар айының басында берілді. Қазіргі таңда өтінім Исатай аудандық Мансап орталығында қаралуда,-деп мәлімдеді ол.

Демек, жағдайдың күрделілігі, яғни қоқыстардың уақытылы алынбауы құжаттық рәсімдеулерге байланыс-ты туындаған. Дегенмен, ауыл тазалығы тек арнайы қызметкерлердің емес, «ауылына қарап азаматын таны» дегендей, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі екені анық. Бұл оқиға – тазалық мәдениетіне бей-жай қарамаудың маңызын тағы бір еске салады. Осы тұрғыдан келгенде ауыл тұрғынының тазалық жайына алаңдаушылығы да орынсыз емес. Алайда, тек ресми органдарға ғана иек артпай, әрбіріміз өз ауламызды таза ұстасақ, ауылымыз да ажарлана түсері анық. Тазалық – тәртіптің айнасы, ауыл көркі – өз көркіміз.

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT