Бүгін Исатай ауданында ерекше рухани шара өтті. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Жалын» мәдениет үйінің бірлескен ұйымдастыруымен өткен аудандық әжелер ансамбльдерінің байқауы сахна төрінде дәстүр мен өнегені қайта жаңғыртты.
Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауды мақсат еткен фестиваль — ел ішіндегі өнерпаз әжелердің өнерін насихаттау, ұрпаққа үлгі ету жолындағы жарқын бастама. Байқауға ауылдық округтерден барлығы жеті ансамбль қатысты. Сахнаға көтерілген әрбір топтың дайындықпен келгені көрерменге анық байқалды.
Фестиваль шарттарына сай, әр ансамбль бір халық әні мен бір қазақ композиторының туындысын орындады. Алғаш болып сахнаға Тұщықұдықтан келген «Әжелер әуені» ансамблі көтеріліп, қазақы киімдерімен-ақ көрерменді баурап алды. Одан әрі Исатай ауылынан «Ақжелең», Х.Ерғалиевтен «Ақмаржан», Нарыннан «Асыл әжелер», Жанбайдан «Сәулем-ай», Зинеденнен «Ақ әжелер», Аққыстаудан «Дәстүр үні» ансамбльдері өнер көрсетті.
«Гүлдерайым», «Дедімай-ау», «Сәулем-ай», «Үкілім-ай», «Беу, айдай» секілді халық әндері жүрек тербеді. Залда отырған әр көрермен әнмен бірге балалыққа, жастыққа, өткеннің мөлдір сағынышына қайта оралғандай әсерде болды. Әжелер орындаған әр туындының астарында ұлттың тарихы мен тағдыры, аналық мейірім мен тәрбиенің үні қатар өрілді.
Шарада аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали сөз сөйлеп, барша өнер иелеріне сәттілік тіледі.
Концерт соңында қазылар алқасы өнерпаздарды марапаттап, диплом мен қаржылай сыйлықтар табыстады. Жиын соңында ең үздік деп танылған Аққыстау ауылынан келген «Дәстүр үні» ансамблі облыстық байқауға жолдама алды.
Байқау тек өнер сайысы емес, ұлттық тәрбиенің, рухани сабақтастықтың мерекесіне айналды. Әжелер әнімен ел жүрегіне жол тапты.
Сағыныш ҚАЙЫР