Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «сыбайлас жемқорлықпен күрес енді мемлекеттік саясаттың басым бағыты емес» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Мұндай ойлардың тууына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесінің өзгеруі себеп болып отыр. Алайда бұл тұжырым – жағдайдың мәнін үстірт бағалаудан туған көзқарас.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында көтерілген бұл мәселе қоғамдағы күмәнді сейілтуге бағытталған. Президенттің айтуынша, қабылданған шешім қандай да бір органның әлсіреуін емес, керісінше, мемлекеттік басқарудағы қайталанатын функцияларды жоюды көздейді. Бұрын екі мекеменің бір бағытта қатар жұмыс істеуі тиімділікті арттырмай, жауапкершілікті бөлшектеп жіберген.
Ең бастысы – жемқорлықпен күрес бағыты өзгерген жоқ. Ол әлі де мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Айырмашылығы – енді жұмыс «сан қуалау» арқылы емес, нақты нәтиже мен сапаға негізделеді. Қатардағы заңбұзушылармен ғана емес, қылмыстың артында тұрған ұйымдастырушылар мен идеологтарды жауапқа тарту мүмкіндігі күшейе түсті.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы алдын алу мен ағартудың маңызын ерекше атап өтеді. Жемқорлықпен күрес тек қылмыстық жауапкершілікпен шектелмеуі тиіс. Адалдық пен әділдікке баулу – баланың санасына ерте жастан сіңірілуі қажет құндылық. Бұл жерде мектептің де, ата-ананың да, қоғамдық ұйымдардың да жауапкершілігі зор.
Бұл ойлар қоғамға бір нәрсені анық аңғартады: өзгеріс тек құрылымдық реформамен шектелмейді. Нағыз нәтиже санада басталады. Ал мемлекеттік қызметшілердің батыл шешім қабылдауы, қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениетінің қалыптасуы – осы жаңа кезеңнің басты өлшемі болмақ.
Рауан БИСЕН,
Исатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі


