Жер қадірін білгенге – ел ырысы бұйырады

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән берілуі біз сияқты шаруагерлер үшін зор қуаныш. Бұл – ауылды дамытуға, еңбек адамының еңсесін көтеруге бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы айтқандай, кез келген реформа салмақты көзқараспен, мұқият әрі сапалы жүзеге асуы тиіс. Өйткені ауылдағы қарапайым шаруаның басты тілегі – тұрақты қолдау мен нақты көмек.

Мал мен егінге жағдай жасалған сайын ауылдың тұрмысы түзеліп, халықтың әл-ауқаты да артады. Әсіресе, Жолдауда қозғалған жер мәселесі – біз үшін аса маңызды. Президенттің: «Жер иесіз қалмауға тиіс, оны қадірін білетін азаматтарға беру керек» деген сөзі ауыл еңбеккерлерінің үлкен үмітін оятты. Жер – тіршіліктің көзі, халықтың қазынасы. Егер ол шынымен еңбек етемін деген шаруаға тисе, онда ол тек өндірістің ошағына ғана емес, елдің ырысына, ауылдың берекесіне айналары анық. Электронды форматта әділ бөлініп, уақытылы айналымға енгізілген жағдайда жайылым тапшылығы да шешімін табары сөзсіз.

Қазір мемлекет тарапынан ауыл инфрақұрылымына инвестиция салу, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау сияқты игі бастамалар жүзеге асуда. Бұл ауыл экономикасына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік тудырады.

Президенттің «бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек» деген сөзі бізге ерекше жігер сыйлайды. Себебі ауыл – елдің тірегі, ал ауыл тұрғыны – адал еңбегімен мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген нағыз еңбеккер.

Сондықтан біз, шаруагерлер қауымы, мемлекет қолға алған реформаларды толық қолдап, өз еңбегімізді ел игілігіне арнауға дайынбыз. Елдің қуаты – бірлікте, берекесі – еңбекте. Ал еңбектің ошағы – ауылда. Егер ауыл өркендесе, мемлекет те биікке көтеріледі.

 


Әнес СЕЙДЕҒАЛИЕВ,

аудандық мәслихат депутаты, шаруагер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT