Ұлттық құрылтайда Президент: «Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл - өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табу қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз» деген болатын.
Әсіресе топонимдік атаулардың жер-су атауларын сақтап қалуда атқаратын рөлі мен маңызы зор. Демек бұл өткен өміріміз бен тарихымызды халық жадында қайта жаңғырту болмақ.
Топонимия - ел-жер тарихының құрамдас бөлігі, мыңжылдық тарихы бар құндылық. Сондай-ақ топонимия халықтың тілі мен өткен өмірі, жері мен тұрмыс салты, дүниетанымынан сыр шертеді. Бұл жөнінде заманымыздың ғұлама жазушысы М. Әуезов былай деген екен: «Біздің қазақ - жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақтың атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады».
Топонимика (грек, fopos - орын, жер және onoma - атау) - ономастиканың кесек бір бөлігі, географиялық атаулардың немесе жер-су аттарының шығуын (этимологиясын), дамуын, қазіргі жағдайын, мағынасын, құрылымын, грамматикалық, фонетикалық формасын, жазылуын және екінші бір тілде берілуін зерттейтін ғылым. Атамекеніміздегі өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың мыңдап саналатыны мәлім. Ертеде өткен ата-бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болған.
Топонимикалық атаулардың ең негізгі қасиеті - олардың тұрақтылығы. Сондықтан да мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне де ғылыми мәліметтер береді. Мысалы, географиялық атаулардың құрамын зерттей отырып, сол аймақта ықылым заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға болады. Ал географиялық атауларды зерттеу, жер-су атауларын ел тарихымен, мәдениетімен сабақтастырып, оларды қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістермен астастыра қарастыру - ұлттық тілімізді зерттеудің терең арналарының, өзекті мәселелерінің бірі.
Жалғасы газеттің №29 (4242) санында
Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тұщықұдық ауылы