Жерлесіміз Светлана Қайырғалиқызы облыстық байқаудан жүлдегерлер қатарынан көрінді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Әжемнің ертегісі» атты облыстық әжелер онлайн-байқауы өткізілді.

Бала жанын байытып, ой-өрісін дамытатын байқауға қала және аудандардан барлығы 11 үміткер қатысты. Аталмыш байқау елдегі каратиндік шектеулерге байланысты онлайн форматта өткізіліп, қатысушылар өз жобаларын арнайы бейнебаянға түсіру арқылы ұсынды.

Облыстық байқауға аудандық «Жалын» мәдениет үйінің атынан көп жылдар бойы мәдениет саласында қызмет еткен, осы саланың ардагері, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы аққыстаулық зейнеткер әже Джилкишиева Светлана Қайырғалиқызы қатысты.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушыларға өз таңдауы бойынша (хайуанаттар, қиял-ғажайып, жан-жануарлар, ер жүрек батырлар және өмірдегі шындық оқиғалар) бір ертегіден сахналық көрініс ұсыну міндеттелді. Сондай-ақ байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар «Әже әлдиі» айдары бойынша бесік жырын айтудан өз өнерлерін ортаға салды.

М.Өтемісұлы атындағы облыстық Академиялық қазақ драма театрының режиссеры Қамысбаева Гүлназ Темірбайқызы төрағалық еткен қазылар алқасы құрамының шешімімен байқау қорытындысы бойынша жерлесіміз Светлана Джилкишиева жүлделі ІІ орынға лайықты деп танылып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ жеңімпаз бен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, бұл облыстық байқау Атырау облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының мұрындық болуымен өткізілген болатын.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521