Жерлесіміз – жеңіс биігінде

 

Ақтау қаласында алғаш рет халықаралық деңгейде өткен медициналық жедел жәрдем бригадалары арасындағы республикалық чемпионат мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік сыйлаған айтулы шара болды. Бұл додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 команда «Политравма (көп жарақаттар)», «Ересектер мен балалардағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы», «Босанушы ана мен нәрестеге шұғыл көмек» сынды сындарлы бағыттарда бақ сынады.

Бұл чемпионат республикалық жедел жәрдем стансаларының үздіктерін ғана емес, сонымен қатар Ресей, Беларусь, Әзербайжан мемлекеттерінен келген дәрігерлер мен фельдшерлерді де тоғыстырды. Іс-шара аясында шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті арттыруға зор мүмкіндік туды. Атырау өңірінің намысын облыстық жедел жәрдем стансасы директорының уақытша міндетін атқарушы Наргиз Әбдірахманова, директордың медициналық көрсетілген қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Анар Әубәкір, фельдшерлер – Мейрамгүл Кұрмашева, Сұлтан Меңдіғалиев және Исатай аудандық бөлімшесінің фельдшері, жерлесіміз Тұрарбек Жақсымбетовтен құралған команда қорғады.

 

 

Олар бірлік пен кәсіби дайындықтың арқасында «Көп жарақат» станциясы бойынша жүлделі І орынға ие болып, өңірдің мерейін үстем етті. Әсіресе жерлесіміз Тұрарбек Жақсымбетов бұл сайыста өз кәсібіне деген адалдығын, терең білімін және жылдам шешім қабылдау қабілетін айқын көрсеткенін әрі оның тәжірибелік дайындығы мен нақты әрекетіне исатайлық әріптестері жоғары баға беріп, шүбә келтірмеді. Біз де осындай жағымды жаңалықты ести сала, жерлесімізді құттықтап, қуанышымен бөлісіп, сөзге тарттық.

– Бұл 3 күнге созылған чемпионаттың ерекшелігі – тапсырмалардың шынайы оқиғаларға негізделуі. Кей сәттерде «оқиға орнына» келген тұрғындар да көмек сұрағандай әсер қалдырды. Мұндай жағдайда дәрігерлер мен фельдшерлер үшін ең бастысы – жылдам әрі сапалы шешім қабылдап, адам өмірін сақтап қалу болды. Бұл дода тек кәсіби машықты шыңдап қана қоймай, әр өңірден жиналған мамандардың достық қарым-қатынасын нығайтып, ұйымшылдықты арттыруға, ауруханаға дейінгі алғашқы көмек сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті. Бізге сенім артып, осы сапарға қолдау көрсеткен Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының директоры Наргиз Абдрахмановаға, директордың орынбасары, инструктор-тренер Әубәкір Анарға және инструктор Лаура Жанысбаеваға алғысымыз шексіз,-деді Тұрарбек Төлегенұлы. 

 

 

Жалпы, Ақтау қаласында өткен халықаралық деңгейдегі бұл чемпионат медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, еліміздегі жедел жәрдем қызметінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашқан маңызды қадам болды. 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT