ЖЕРЛЕСІМІЗГЕ – «ПАРАСАТ» ОРДЕНІ ТАБЫСТАЛДЫ

0 votes

Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының директоры ретінде ұлттық әдебиетіміздің бай мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде жігерлі еңбек етіп келе жатқан Әділ Қаженбайұлы Қойтановтың есімі еліміздің руханият әлемінде жақсы аталып жүргені барша исатайлықтар үшін мақтаныш десек болады.

Жуырда, Республика күні мерекесі қарсаңында жерлесіміздің мерейі үстеп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемел-ұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 16 қазандағы Жарлығы бойынша «Парасат» орденімен марапатталды.  

Еліміздің рухани мұрасын сақтауда айрықша еңбек етіп жатқан, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы иегері, әлемдегі ең беделді Франкфурт кітап көрме-жәрмеңкесінде мемлекеттік стенд құру, халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» кітап жәрмеңкесі, республикалық «Аманат-кітап» сынды іргелі шараларды ұйымдастырып жүрген кәсіби маман бұл марапатқа әбден лайықты деп танылды. 

Осынау маңызды әрі мәртебелі марапат Әділ Қаженбайұлының белгілі журналист, айтулы баспагер ретіндегі көп жылғы қажырлы еңбегіне берілген баға, өз ісіне адалдығының айқын көрінісі деп білеміз. Жерлесіміздің алдағы уақытта да ел үшін атқарар игі істерінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілекшіміз.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT