Азия төрінде көк байрағымызды желбіреткен зинедендік Інжу Жұмажан туған жеріне зор қуаныш сыйлаған болатын. Индонезияның Джакарта қаласында өткен кадеттер арасындағы дзюдо күресінен Азия чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған Інжу аудан абыройын аспандатып, ел намысын биікте қорғады. Осы үлкен жеңістен кейін аудан әкімі Нұрым Мусин алтын жүлдегер мен оның бапкері Тұрар Ризуановты арнайы қабылдап, лайықты марапат көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы спортшы мен бапкердің табандылығына, еңбегіне ерекше тоқталып, олардың жеңісінің аудан жастарына зор үлгі екенін атап өтті.
– Біздің жас спортшыларымыздың халықаралық деңгейде топ жаруы аудан үшін үлкен мәртебе. Інжудің жеңісі – елге үлгі, спортқа ынта қойған жастарға шабыт береді. Осындай табысқа жеткізген ең алдымен еңбегі мен ерік-жігері, бапкерінің қамқорлығы мен ата-анасының қолдауы,-деді Нұрым Мусин.
Ауданның жанашыр азаматтары жерлестерінің жарқын жеңісіне шын жүректен қуанып, чемпион мен бапкердің еңбегін лайықты бағалады. Жерлестер атынан алтын жүлдегер Інжу Жұмажанға 500 000 теңге, ал оның бапкері Тұрар Ризуановқа 200 000 теңге көлеміндегі арнайы сыйақыны аудан әкімі табыстады. Бұл Исатай жұртының жас спортшы мен оның ұстазының қажырлы еңбегіне деген құрметі мен қолдауының айғағы болды.
Иә, Інжу – «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубынан түлеп ұшқан шәкірті. Азия чемпионатында ол Макао, Тайпей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің қарсыластарын тізе бүктіріп, финалда айқын басымдықпен жеңіске жетті. 21 елден қатысқан 200-ге жуық спортшының арасынан дара шыққан Інжу – қазақ спортының жаңа жұлдызы.
Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабеков шәкірт жетістігіне ерекше қуанышын жасырмады.
– Дзюдодан қыздар арасында Азия чемпионатында алтын медаль алынбағалы төрт жыл болған еді. Сол үзілісті Інжу үзді. Әрине бұл аудан спортының тарихындағы айтулы сәт. Оның табысы – бапкерінің қажырлы еңбегі мен аналық сенімнің жеңісі,-деді ол.
Шынында да, Інжудің спортқа келу жолы да тағылымды. Алғашында әкесі қызының спортқа қатысуына қарсы болған. Ал анасы қызының талабын көріп, жасырын түрде бапкерге әкеліп тапсырған екен. Міне, сол аналық жүректің сенімі мен ұстаз еңбегінің нәтижесінде бүгін еліміздің аты Азия төрінде жаңғырып отыр.
– Бұл жеңіс әрине менің ұстазым мен ата-анамның, ауданымның жеңісі деп есептеймін. Әр кездесуде ел намысы мен сенімін арқалап шықтым. Қазақ елінің туын биікте желбірету – ең үлкен бақыт. Аудан басшылығының құрметі, жерлес ағаларымның қолдауы – мен үшін зор шабыт,- деп Інжу Бейсенбіқызы өз қуанышымен бөлісті.
Бапкері Тұрар Ризуанов та шәкіртіне деген сенімінің ақталғанын айтып, аудан халқы мен басшылығына ризашылығын жеткізді. Исатай жерінің спортқа деген қолдауы соңғы жылдары жаңа серпін алып келеді. Жерлестерінің ықыласы мен аудан басшылығының қамқорлығы жас спортшыларға шабыт беріп, жаңа жеңістерге жол ашуда. Исатайдың алтын қызы Інжу Жұмажанның жеңісі – тек бір спортшының табысы емес, тұтас өңір жастарының үмітін оятқан үлкен жеңіс. Бұл – аудан спортының жаңа биіктерге бастаған жарқын қадамы.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ