Жайдарман – жастарды шығармашылыққа баулып, ой ұшқырлығын дамытатын, тапқырлық пен білімді ұштастыратын ерекше жоба. Бұл ойын тек көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен қатар жас буынды сахна мәдениетіне, шешендікке және ұжымдық жұмысқа баулитын үлкен мектеп іспетті. Бүгінде Жайдарманға қызығушылардың қатары — еңбектеген баладан ересектерге дейін жетіп отыр.
Жас жеткіншектердің дарынын дамыту мақсатында ұйымдастырылған Республикалық «Jaidarman Junior» жобасы – еліміздің түкпір-түкпірінен келген өрендердің басын қосқан үлкен дода. Осы айтулы сайыста ауданымыздың Новобогат орта мектебі атынан қатысқан «Әжесінің балалары» құрамасы ерекше өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Тапқыр ой, ұтымды әзіл мен сахналық мәдениетті ұштастыра білген команда финалдық кезеңде жүлделі І орынды иемденіп, 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды.
Бұл жеңіс – бір күннің жемісі емес. «Әжесінің балалары» құрамасы бұған дейін де талай биіктерді бағындырып келген. 2022 жылы аудандық лиганың чемпиондары атанып, кейін облыстық «Жас толқын» лигасында топ жарған болатын. Сондай-ақ түрлі арнайы жобалар мен әкім кубоктерінде де үздік өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Жас жайдарманшылардың бұл жетістігі – ұстаздарының еңбегі мен ата-аналарының қолдауының жемісі. Ал олардың жеңісі – ауыл мектебінің абыройы, өңір жастарының мақтанышы. Ойын барысында ел көңілін көтеріп қана қоймай, өздерінің тапқырлығын, білімін және өнерге деген сүйіспеншілігін дәлелдеген «Әжесінің балалары», әлі талай жетістіктерге жететініне сеніміміз мол!
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

