Астана қаласында көрермен көзайымына айналған республикалық «Жайдарман» ойындарының маусымашары өтті. Мектеп оқушылары арасындағы «Jaidarman Junior» лигасында қамысқалалық «Әжесінің балалары» командасы қатысып, бақ сынады. Олар тапқыр әзілдерімен және өзекті тақырыптарды шебер көтеруімен көрерменнің көңілінен шыға білді.
Жыл өткен сайын жас жайдарманшылардың әзілдері терең мағынаға ие болып, қоғамдағы маңызды мәселелерді астарлы қалжыңмен жеткізуге машықтанып келеді. Бұл сайыс-та да олар елде болып жатқан оқиғаларды әзіл арқылы өрнектеп, көрерменге ой салуға тырысты. Қиындығы мол бұл өнерді меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Дегенмен «Әжесінің балалары» сапалы әзіл ұсынып, республикалық додаларда өз орнын айқындап келеді.
Команда жетекшісі Нұрберген Мирамбайұлының айтуынша, биыл «Jaidarman Junior» лигасына 54 команда қатысқан. Соның ішінен тек 24 команда ғана Алматыда өтетін республикалық ойындарға жолдама алған. «Әжесінің балалары» осы үздіктер қатарынан табылып, сәуір айында Алматыға аттанбақ. Алайда жас жайдарманшыларды алаңдататын басты мәселе – қаржылық қолдаудың жоқтығы. Әзірге олар әр ойынға өз қаражаттарымен барып жүр. Кейде финалдық сайыстарға жету үшін ауылда ақылы концерт ұйымдастырып, түскен қаражатты жол шығындарына жұмсауға мәжбүр. Бірақ мұндай мүмкіндік жиі бола бермейді.
– Біз ауылдың, ауданның атын асқақтатып, үлкен белестерді бағындырғымыз келеді. Бірақ қаржылық қиындықтар аяққа тұсау болып тұр. Егер демеушілік қолдау табылса, біз бұдан да биік жетістіктерге жетер едік,-дейді команда жетекшісі.
Қамысқалалық жастардың жігері бар, таланты жетерлік. Ендеше боламын деген баланың бетін қақпай, белін буатын атымтай жомарт ел ағалары табыла ма екен?
Сағыныш ҚАЙЫР