ЖЕТІСТІГІ МОЛ ЖАНБОТА - облыстық байқаудың жеңімпазы

Қазақстандағы қосымша білім беру жүйесі – білім беру кеңістігінің ең динамикалық және дамушы құрамдас бөлігі саналады. Ал қосымша білім беру стандартты жүйеге қарағанда ерекше ашық және еркін дамуды қалыптастырады, балалармен жұмыс істеу мазмұны, әдісі мен формалары үнемі өзгерісте болады.

 

Бұл бағытта аудандық Оқушылар үйіндегі үйірме сабақтарында нәтижелі жұмыстарымен көрініп жүрген мамандар аз емес. Солардың бірі - қосымша білім беру педагогі Серік Жанбота Серікқызы.

Еңбекке араласқанына үш жылдан астам уақыт өтсе де қол жеткен жетістіктері баршылық оның бір ерекшелігі ізденгіштігі, еңбекқорлғы десе де болар еді. Басқасын айтпағанда, өткен жылы «Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім беру» тақырыбында білім беру көшбасшыларының республикалық тамыз форумы аясында «Қосымша білім беру – балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту әлеуеті» тақырыбында Қазақстан Республикасының қосымша білім беру педагогтерінің секциясына да қатысқаны бар. Биыл  «Қосымша білім беру ұйымының үздік ұстазы» аудандық байқауында кәсіби біліктілік деңгейін жоғары дәрежеде көрсете білуі нәтижесінде Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық осындай сынға жолдама да иеленді.

Енді міне, Атырау облысы Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы қосымша білім беру ұйымдары педагогтарының арасында олардың қызметтеріне қолдау көрсету, кәсіби біліктілік деңгейлерін көтеру, шығармашылық шеберліктерін арттыру мақсатында ақпанның 17-сінде өткізген облыстық «Қосымша білім беру ұйымының үздік ұстазы-2023» байқауында да бағы жанды. Облыстың барлық типтегі қосымша білім беру ұйымдарынан озық педагогтар қатысқан осынау сында оған белсене қатысып, инновациялық ізденістері, жоғары біліктілік қабілетімен ерекшеленген Жанбота Серікқызы облыстық байқаудың І дәрежелі дипломын иеленіп, жеңімпаз болып оралды.

-Жанбота жас та болса үлгілі ұстаздардың бірі. Өзінің ізденгіштігі, шығармашылық әлеуетінің молдығы нәтижесінде біраз жетістіктерге жетіп үлгерді десем болады. Оның «Бейнелеу» және «Қолөнер» үйірмелеріндегі шәкірттерінің түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуі де ұстаздың үлкен жетістігі,-дейді Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Қизатова.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521