Жүгіру додасы жұртты біріктірді

Суреттер автордікі

 

Бүгін Исатай ауданының орталығында Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына орай дәстүрлі марафон ұйымдастырылды. Ел көлемінде кең өріс алған бұл игі бастама жыл өткен сайын қанатын кең жайып, оған қатысушылардың қатары артып келеді.

 

 

Ауданымызда өткен марафон да осының дәлелі. Бастапқыда 30-ға жуық адам жиналғанымен, жарыс басталған сәтте қатысушылар саны 40-тан асып жығылды. Бұл — жұрттың спортқа бет бұрып, белсенділік таныта бастағанының айғағы.

 

 

Биылғы марафоншылар 3 шақырым қашықтықты еңсеріп, өзара бақ сынады. Ерлер арасындағы бәсеке тартысқа толы өтті.

 

 

Жасы кіші болса да, табандылығының арқасында аққыстаулық Саян Мұратбекұлы мәреге үшінші болып келсе, еркінқалалық Алпамыс Айтмұханов екінші орынды иеленді.

 

 

Ал бәрінен оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінген зинедендік Айдархан Мақсотов 1-орынға лайық деп танылды.

 

 

Ал қыз-келіншектер арасындағы жарыс та қызықты өтті. Жанбайлық Жазира Туралиева үшінші орынға табан тіресе, екінші орын Эльмира Уахитоваға бұйырды. Ал өз қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан аққыстаулық Жайдарман Мұхтарова мәреге бірінші болып жетіп, жеңіс тұғырын бағындырды.

 

 

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде аудан әкімі Нұрым Мусин марафонға қатысқан барша спортсүйер қауымға жылы лебізін білдірді:

– Бұл шара – халық бірлігін нығайтуға, ынтымақты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан сүбелі үлесіміз. Қатысушылардың жас ерекшелігіне қарамай, жастармен қатар орта буын өкілдерінің белсенділік танытуы көңіл қуантады. Бұл — жақсы үрдіс. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! – деді аудан басшысы.

 

 

Марафонға ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден жастар қатысты. Солардың ішінен жанбайлық жас жұбайлар – Бекет Нухы мен Әнель Жәңгір ел ерекше назарын аудартты. Қазіргі таңда олар Жанбай ауылдық амбулаториясында фельдшер мен медбике болып қызмет етеді.

– Мұндай шара біз үшін отбасылық мейрам іспеттес. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Таза ауада жүру, жүгіру сияқты белсенді қозғалыстар – саулықтың кепілі. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, біз қуана қатысамыз. Жерлестерімізді спортты серік етуге шақырамыз,-дейді отағасы Бекет Нухы.

 

 

Жарыс соңында жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтар, ал өзге қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан медальдар табыс етілді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT