Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен баскетбол турнирі спорт сүйер қауымның басын қосып, шынайы бәсекеге толы жарысқа айналды. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде, «Жаныңдамын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен дода «Исатай ауданы әкімінің кубогі» үшін өрбіді. Жарыстың басты мақсаты – спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жастардың белсенділігін арттыру еді.
Турнирге аудан мен облыстың үздік командалары қатысып, барлығы сегіз ұжым өзара мықтыны анықтады. Атырау қаласынан да қызығушылық танытып, арнайы келген екі команда – Әл-Фараби атындағы «БИНОМ» мектеп-лицейі мен Дінмұхаммед Қонаев атындағы «БИНОМ» мектеп-лицейі турнирдің көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ, Исатай мен Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, «Барыс» балалар - жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы, Абай, Аққыстау және гимназия мектептерінің командалары да тартысты ойын көрсетті. Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан қатысып, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Ол жарыстың тек спорттық мақсатпен ғана емес, жастарды жігерлендіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Қатысушы командаларға сәттілік тілеп, барлығына аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыстады. Ал жарыстың бас төрешісі Ерлан Құрманғалиев әділдік пен жоғары деңгейдегі төрешілікке жауапты болды. Жанкүйерлерді ерекше толқытқан бәсекеде командалар аянып қалмады. Ойындардың әр кезеңі шиеленіске толы өтіп, соңғы сәтке дейін кімнің жеңіске жетері белгісіз болды. Жарыстың қорытындысы бойынша III орынды «Барыс» командасы иеленіп, 30 000 теңге жүлдеге ие болды. II орынға Әл-Фараби атындағы «БИНОМ» мектеп-лицейі лайық деп танылып, 50 000 теңге жүлде алды. Ал I орынды Дінмұхаммед Қонаев атындағы «БИНОМ» мектеп-лицейі жеңіп, 70 000 теңге жүлдемен марапатталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қатысып, марапаттарды табыстады. Сайыста ерекше көзге түскен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік ұйымдастырушы» атағы Исатай БЖСМ-нің өкілі Тілекқабылов Нұржанға берілді. «Үздік шабуылшы» болып «Барыс» командасының ойыншысы Айдос Қаражанов танылса, «Үздік ойыншы» номинациясы Әл-Фараби атындағы «БИНОМ» мектеп-лицейінің спортшысы Лұқпанов Мәдиге бұйырды. Турнир аудан жастарының басын қосып қана қоймай, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсті. Мұндай жарыстар алдағы уақытта да ұйымдастырылып, жас спортшылардың кәсіби шеберлігін дамытуға үлес қосары сөзсіз. Аудан үшін бұл жарыстың маңызы зор, себебі, мұнда жеңіс пен жеңілістен бөлек, бірлік пен жігердің, адал бәсекенің құндылығы айқын көрінді.
Әсел ТАБИҒАТОВА