ЖІГІТТЕР ГАНДБОЛДАН БАҚ СЫНАДЫ

 

Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, сонымен қатар, көңілін өсіріп, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Міне осы орайда  аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты гандболдан «Jastar CUP» ашық турнирі өтті.

 

 

Турнирдің басты мақсаты  бұқаралық спортты насихаттау, қоғам арасындағы нашақорлықты жою, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, бос уақыттарын тиімді пайдалану және  жетістіктерге ынталандыру болып табылады. Спорттық бәсекеге 8 команда өтініш беріп, өзара бақ сынас-ты. Бір қызығы, көрші аудандардан бөлек, қызығушылық білдіріп, шалғайда орналасса да Маңғыстау облысының жастары бірауыздан ұйымшылдықпен қатынасты.Ал сол құрама командаларды атап айтсақ,  «Маңғыстау», «Атырау», «Индер», «Құрманғазы»,  «Махамбет», «Аққыстау», «Тұщықұдық», «Өркен»  құрамалары өзара мықтыларды анықтады .

 

 

Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан жастарға нашақорлықтан аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға және спорттық шараларға белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар аталмыш доданың «Маңғыстау облысының Гандбол федерациясы» ҚБ президенті Майлы Турбаев және де гандболдан Атырау облысының аға жаттықтырушысы Лариса Сирота құрметті мейманы болды.

Қызыққа әрі тартысқа толы өткен ойын нәтижесінде, ІІІ орын – Индер ауданы құрама командасы,  ІІ орын – Махамбет ауданы құрама командасы, жүлделі І орын – Құрманғазы ауданы құрама командасы жеңіп алды. Әр жүлделі орын иеленген құрама командалар қаржылай сертификаттарға ие болды.

 

 

Турнирде жақсы ойын өрнегін көрсетіп,  көзге ерекше түсе білген ойыншылар да марапаттан қалыс қалған жоқ.  «Үздік қақпашы» номинация-сына Индер ауданы құрама командасының қақпашысы Ернұр Талғат, «Үздік қорғаушы» номинациясына Құрманғазы ауданы құрама командасының қорғаушысы Зауырбек Шайхатов, «Үздік шабуылшы» номинациясына Махамбет ауданы құрама командасының шабуылшысы Ержан Сұлтанов  үздік деп танылып, арнайы естелік статуэтка мен  қаржылай сертификаттар табысталды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT