Исатай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Нұрым Мусиннің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен жергілікті шаруагерлердің қатысуымен маңызды жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, ауылдық округ әкімдері мен ветеринариялық сала мамандары да қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы – соңғы уақытта өңірде жиілеп кеткен қарақұрт жәндігінің қауіпі мен соған қатысты туындап отырған мәселелер болды. Шаруалар қарақұрттың ауыл шаруашылығына, мал мен адам өміріне төндіретін қатері күн тәртібінен түспей отырғанын атап өтіп, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.
– Қарақұртпен күресте уақытылы диагностика мен маманның кәсіби араласуы аса маңызды. Алайда бүгінде кадр тапшылығы бұл істі қиындатып отыр,-деді шаруагер Жаңбырбай Сахуалин.
Жиын барысында қарақұрт шағуының алғашқы белгілері, оның малға тигізетін зияны, жедел әрекет ету жолдары, залалсыздандыру және улау жұмыстарының тәртібі нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар, мамандар әрбір шаруашылықтың санитарлық талаптарды сақтап, ветеринар мамандармен тұрақты байланыста болуы – қарақұрттың алдын алудағы басты қағида екенін жеткізді.
– Мұндай улы жәндіктермен күресте тек улау жұмыстары емес, кешенді алдын алу шаралары маңызды. Бұл үшін мал ұстайтын орындарда тазалық сақталып, мамандардың нұсқаулығына сай әрекет ету қажет,-деді аудандық ветеринариялық станция директорының орынбасары Әжіғали Науанов.
Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір өзекті мәселе – ветеринар мамандардың тапшылығы да кеңінен қозғалды.
Аудан әкімі Нұрым Мусин бұл түйткілдерді шешу бағытында нақты қадамдар жасалатынын айтты. Оның ішінде қарақұрт мәселесі облыстық деңгейде көтеріліп, жас мамандарды тарту, кадр тапшылығын жою, ветеринария саласын жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
– Қарақұртпен күрес – тек бір мезгілдік шара емес, бұл – үздіксіз жүйелі жұмысты талап ететін сала. Сондықтан ауыл әкімдері мен сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта залалсыздандыру шаралары күшейтіліп, түсіндіру жұмыстары жандандырылады. Сонымен бірге, ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында нақты жоспар әзірленеді,-деді аудан басшысы.
Жиын қорытындысында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеліп, қарақұртпен күрес және ветеринария саласындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуіне баса мән берілетіні айтылды.
Сағыныш ҚАЙЫР