Жүйедегі жаңа өзгерістер

 

Денсаулық сақтау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Аталған жаңашылдықтарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Қайрат Нұртаевтың тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін нормалар бойынша арнайы кездесу өтті.

Жиынға аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары Назым Идрисова және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қуаныш Тахаев қатысып, ауданымыздағы мекеме басшыларына, қызметкерлер мен есепшілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында МӘМС жүйесінің мәні мен маңызына ерекше тоқталды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе азаматтардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік тетік. Жүйе азаматтардың өз жарналары мен мемлекет тарапынан әлеуметтік осал санаттарға төленетін төлемдер есебінен қаржыландырылады. 2026 жылдан бастап біріктірілген негізгі медициналық көмек пакеті енгізіледі. Бұл жаңашылдық медициналық көмектің аясын кеңейтіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізіліп, сақтандыру мәртебесіне қарамастан мақсатты топтарға қолжетімді болады. Сонымен қатар инсульт пен эпилепсияға шалдыққан науқастарды емдеу және бақылау да мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Мемлекет бұрынғыдай әлеуметтік маңызы бар бірқатар ауруларды толық қаржыландыруды жалғастырады. Ал қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тінінің жүйелік аурулары бойынша медициналық көмек МӘМС пакеті аясында көрсетіледі. Бұл ретте қызмет көлемі өзгермейді, тек қаржыландыру көзі нақтыланады. ДЦП диагнозы бар балаларға көрсетілетін емдеу, тексеру және оңалту шаралары бұрынғы деңгейде сақталады. Алайда мұндай қызметтерді толық алу үшін баланың немесе оның заңды өкілінің сақтандырылған мәртебесі болуы қажет екені ескертілді. Жиын барысында мемлекет жарналарын төлейтін 15 жеңілдігі бар азаматтық санат та кеңінен түсіндірілді. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, студенттер, жүкті әйелдер, мүгедектер, көп балалы аналар, ресми тіркелген жұмыссыздар бар. Ал уақытша жұмыссыз немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына тіркелу арқылы сақтандырылған мәртебе ала алады. Әлеуметтік мәртебені «egov.kz» порталы арқылы тексеруге болатыны да айтылды. Кездесу барысында сөз алған Назым Идрисова жаңа өзгерістердің халық үшін маңызын атап өтті.

 

 

– Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әрбір азаматтың медициналық көмекке уақытылы әрі кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сондықтан әр адам өзінің сақтандыру мәртебесіне бейжай қарамай, алдын ала тексерістен өткені жөн. Денсаулық – ең қымбат байлық,-дейді Назым Жоламанқызы.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, түсіндіру жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер халықтың денсаулығын қорғауға, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Әр азамат өз мәртебесін анықтап, жүйенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білсе, бұл жаңашылдықтың игілігін барша жұрт көрері сөзсіз.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT