ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Өткен аптаның жұма күні «Amanat» партиясының Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев ауданға арнайы іссапармен келіп, партияның аудандық филиалында актив отырысын өткізді. Жиынға партияның облыстық партия филиалы жанынан құрылған комиссия мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуда партияның аймақтағы жұмысы, атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Аудандық филиал төрағасы Едіге Досқалиевтың айтуынша, бүгінде ауданда 2259 партия мүшесі бар. Олар 9 бастауыш партия ұйымына бірігіп, белсенді жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері бастауыш партия ұйымдарының ұйымдастыруымен 23 іс-шара өтіп, оған 500-ден астам адам қамтылған. Сонымен қатар, партиялық бақылау бекеттері орнатылған екі нысанға мониторинг жүргізілуде. Алайда, оның бірінде мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Есепті кезеңде аудандық фракцияның бес отырысы өткізіліп, сегіз маңызды мәселе көтерілген. Ал қоғамдық қабылдауға 205 өтініш тіркеліп, оның 88-і оң шешімін тапса, қалған 117-сі бойынша тиісті кеңестер берілген. Жиын барысында Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жансих Маштахов, «Жанбай» бастауыш партия ұйымының төрайымы Райгүл Мамешова және «Жастар рухы» жастар қанатының аудандық жетекшісінің уақытша міндетін атқарушы Динара Қадыржанова баяндама жасады.

Динара Қадыржанованың мәліметіне сүйенсек, ауданда жастар саясатын дамыту бағытында жыл басынан бері 127 іс-шара өткізіліп, оған 4682 жас қамтылған.  NEET санатындағы жастардың саны өткен жылы 183 болса, биыл 76-ға дейін азайды. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне жастардың жұмысқа орналасуы және көші-қон үдерісі әсер еткен.

«Жастар жұмыссыздығын азайту мақсатында ұлттық жоба аясында бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып, NEET санатындағы 28 жас түрлі жұмыстарға орналастырылды. Бұл мақсатқа 37 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді»,-деді «Жастар рухы» жастар қанатының аудандық жетекшісінің уақытша міндетін атқарушы Динара Қадыржанова.

Оның айтуынша, жастардың дамуына, кәсіпкерлікке баулу мен олардың бос уақытын тиімді өткізуіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.

–         Жас кәсіпкерлерді қолдау үшін «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы бірлесіп жұмыс атқаруда. Кәсіппен айналысуға ынтасы бар жастарға кеңес беріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-бен жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері түсіндірілді,-деді Динара Қадыржанова.

Жиынды қорытындылаған Қуантай Бисалиев партия мүшелерінің жұмысына сын көзбен қарау емес, тәжірибе алмасу, бағыт-бағдар беру және ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істеу үшін келгенін айтты. Ол 2025 жылға арналған ауқымды жоспарлар мен үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл жиын партияның аудандағы қызметін күшейтуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге және жастарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын көрсетті. Партия мүшелері алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, халықтың сұранысы мен қажеттіліктеріне жауап беретін бастамаларды іске асыруға ниетті.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА,

суретті түсірген  Жұлдыз СЕМБИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT