Ауылдан қалаға ұмтылған жастардың жүрегі үміт пен арманға толы. Бірақ көп жағдайда «ауылда жұмыс жоқ» деп олар туған жерін тастап кетуге мәжбүр болады. Дегенмен бұл пікір шындыққа жанаспайтын, тек уақытша қиындықтардан туындайтын дағдарыс емес пе? Ауылда еңбекке жарамды адамдар мен кәсіби дағдыларды дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Егер осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек, жұмыссыздық мәселесін ауылда да шешуге болады. Сондықтан жұмыс жоқ деме, ағайын!
Жергілікті ресурстар мен қолдаулар арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға болады.Елімізде оның ішінде ауданымызда да жұмыссыздық мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отырғаны рас. Жұмыс іздеп жүрген тұрғындарға қолдау көрсету үшін ауданымызда Мансап орталығы мақсатты жұмыс істеп келеді. Бұл орталық тұрғындарды еңбек нарығымен байланыстырып, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда. Орталықтың басты міндеті – аудан тұрғындарын жұмысқа орналастыру мен еңбек нарығының өзгерістеріне бейімделуі үшін қажетті бағыт-бағдар беру.
Мансап орталығының мамандары жұмыссыз азаматтарға кеңес беріп, еңбекке араласу жолдарын түсіндіреді. Сонымен қатар орталық әлеуметтік қолдау көрсету шараларын іске асырып, жұмыс іздеушілерге қажетті көмек көрсетеді. Әсіресе жұмыссыздықты азайту мақсатында белсенді шаралар ұйымдастырылып, жастардың еңбекке араласуына мүмкіндік беріледі. Жұмыссыздықтың қазіргі ахуалы, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер және жұмысқа орналасу мәселелері туралы толығырақ білу үшін біз аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Бақытгүл Сапарғожиевамен сұхбаттастық.
–Исатай аудандық Мансап орталығы қазіргі таңда қандай әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр?
— Біздің орталық ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға арналған «Әлеуметтік қолдау шаралары» аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырады. Олардың қатарында: «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» жобасы, «Жастар тәжірибесі», «Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқыту», «Бастау-Бизнес» жобасы және «Мемлекеттік грант» бағдарламасы. Әр бағдарлама белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған. Оқырмандарға түсінікті болу үшін кеңінен тоқталайын.
Қоғамдық жұмыс: уақытша қолдау
Қоғамдық жұмыстар – жұмыссыз азаматтарға уақытша табыс табуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Оны барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар ұйымдастыра алады. Бұл жұмысқа қатысатын азаматтарға 24 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді. Алайда, қоғамдық жұмысты өз еркімен тастап кеткен адамдар 3 ай өткеннен кейін ғана қайта қатыса алады.
Әлеуметтік жұмыс орындары: тұрақты жұмысқа алғашқы қадам.
Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздарды жұмыспен қамту мақсатында жеке кәсіпкерлік кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін жұмыс берушілердің салықтық және әлеуметтік аударымдары толық жүргізіліп, жалақы бойынша мерзімі өткен берешектері болмауы тиіс және олар кемінде бір жылдан бері қызмет етіп жүрген болуы қажет. Жұмыс берушілер өтінімдерін электрондық түрде электрондық еңбек биржасы арқылы береді. Өтінімде жұмыс беруші кәсіптің атауын, жұмыс орындарының санын, жұмыс ұзақтығын, қажетті білім деңгейі мен кәсіби дағдыларды, жұмыскерлердің нақты санын және бос жұмыс орындарының бар-жоғын көрсетуі тиіс. Әлеуметтік жұмыс уақытша жұмыс болып табылады, ұзақтығы 12 айдан аспайды. Бұл жұмыстың түрінде еңбек демалысы қарастырылмаған. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылады, және олар белгілі бір салада жұмыс істей алады. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысы субсидия-ланады. Субсидия жұмыс берушінің ай сайынғы жалақысының 35%-ын құрайды, бірақ бұл мөлшер 24 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздарды уақытша жұмысқа орналастыру және олардың еңбек нарығында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
«Күміс жас»: зейнеталды жастағы азаматтарға қолдау
Бұл жоба зейнеталды жастағы жұмыссыз азаматтарға арналған. Оларды тұрақты жұмысқа орналас-тыру мақсатында 36 ай бойы мемлекеттен жалақының бір бөлігі субсидияланады.
- Бірінші жылы – 70%
- Екінші жылы – 65%
- Үшінші жылы – 60%
Осылайша, азаматтар зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне ие болады.
Жастар тәжірибесі: жас мамандарға мүмкіндік
Жастар тәжірибесі – өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек өтілін жинауға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама. Бұл бастама техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған, оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған және 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бағдарламаның басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жастар тәжірибесі барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Жұмыс берушілер электрондық Еңбек биржасы арқылы өтінім береді, онда бос жұмыс орындарының саны, жұмыс ұзақтығы, қажетті білім деңгейі мен дағдылар көрсетіледі.
Жастар тәжірибесінің ерекшеліктері:
- Бұл уақытша жұмыс, тұрақты жұмыс орындарынан тыс жүргізіледі.
- Жұмыс ұзақтығы 12 айдан аспайды.
- Бағдарламаға қатысушыларға еңбек демалысы қарастырылмаған.
- Қатысушыларға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жалақы төленеді.
Жастар тәжірибесі бағдарламасы көптеген жас мамандардың еңбек нарығына сәтті бейімделуіне ықпал етіп, олардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады. Әсіресе, білім беру, медицина және құрылыс салаларында жастардың тұрақты жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары. Бұл бастама – өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар үшін үлкен мүмкіндік. Жастар тәжірибесіне қатысу арқылы жас мамандар өз білімдерін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби өсуіне жол аша алады.
Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқыту
Жұмыссыздарды кәсіптік оқыту жұмыс берушінің өтінімімен ұйымдастырылады. Өтінімде жұмыс беруші кәсіпті, жұмыс орындарының санын, білім деңгейін және қажетті кәсіби дағдыларды көрсете отырып, белгілі бір талаптарға сәйкес болуы керек. Бұл талаптар арасында жұмыс істеп тұрған заңды тұлға немесе дара кәсіпкер болуы, кемінде бір жыл жұмыс істегендігі, салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарызының болмауы, сондай-ақ өндірісте тәжірибелі және білікті мамандардың болуы кіреді. Оқыту үшін жұмыс беруші Мансап орталығына өтінім береді. Мансап орталығы әлеуметтік кәсіптік бағдарлау нәтижелері бойынша үміткерлердің тізімін қалыптастырып, оны жұмыс берушіге келісуге жібереді. Жұмыс беруші тізімді бес жұмыс күні ішінде қарап, қажет болған жағдайда сұхбат жүргізеді. Тізім келісілгеннен кейін жұмыссыздар еңбек шартын жасап, жұмысқа қабылданады. Оқу кезінде жұмыс беруші үміткерлерге арнайы оқу бағдарламасын дайындап, тәжірибелі тәлімгерді бекітеді. Оқуды аяқтаған жұмыссыздарға сертификат беріледі. Егер жұмыс беруші жұмыссызды тұрақты жұмысқа қабылдамаса, мемлекет жұмсаған қаржыны бюджетке қайтарады. Оқу аяқталған соң жұмыс беруші оны тұрақты жұмысқа кем дегенде 12 ай мерзімге қабылдайды. Бұл бағдарлама жұмыссыздардың кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа мамандықтар игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін қажетті мамандарды даярлауға, өндірістің тиімділігін арттыруға қолайлы жағдай туғызады.
«Бастау-Бизнес» жобасы: кәсіпкерлікке жол
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға қатысушылар Мансап орталығында тіркелген жұмыссыздар, 1 жылға дейін тіркелген дара кәсіпкерлер және жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар болып табылады. Үміткерлер порталда тіркеліп, өтінім береді. Өтінім берілгеннен кейін автоматты түрде порталда үміткердің нысаналы топқа және осы қағидалардың талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Егер үміткер талаптарға сәйкес келсе, онда оған skills.enbek.kz платформасында «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне арналған онлайн оқыту курсына қолжетімділік беріледі. Бұл курс 14 күнтізбелік күн бойы өтеді және өтеусіз ұсынылады. Онлайн курста оқу материалдары жеке тәртіппен өз бетінше игеріледі. Курстың мақсаты – қатысушыларды кәсіпкерлікке бастапқы біліммен қамтамасыз етіп, өз бизнесін бастауға қажетті дағдыларды үйрету.
Мемлекеттік грант: жаңа бизнес-идеяларға қолдау
Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыссыздарға және үш жылдан аз уақыт бойы тіркелген дара кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идея-ларды жүзеге асыру мақсатында беріледі. Мүмкіндікке ие болу үшін бұрын жұмыспен қамту шараларына қатысуды тоқтатқан адамдар соңғы 12 ай ішінде грант алуға үміттене алмайды. Гранттар 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі және конкурстық негізде бөлінеді. Грант алуға болатын әлеуметтік осал топтар келесідей категорияларға бөлінеді. Атап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар (төрт және одан көп баласы бар), оның ішінде оқу орындарында білім алатын балалар, асыраушысынан айырылған адамдар, қоныс аударушылар,қандастар және мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар. Әрине бұл тек бір рет беріледі және оны бизнеске қажетті құрал-жабдықтар, жануарлар, мал, құстар, көшеттер, тұқымдар, сауда орындарын жалға алу сияқты мақсаттарға жұмсауға болады. Алайда, бұл қаржы үй-жай сатып алуға, кредит төлеуге, тұрғын үй алуға немесе акцизделетін өнім өндіруге қолданылмайды. Грант алушы оны алғаннан кейінгі 12 ай ішінде жұмыспен қамту шараларына қатыспайды, бірақ бизнесін кеңейту мақсатында шаралар қабылдауға болады. Сонымен қатар гранттар еңбек құралдары, жабдықтар, жануарлар, немесе басқа да қажетті материалдар мен мүліктерді жақын туыстарынан сатып алуға арналмайды. Бұл гранттар жаңа кәсіп бастауға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін қолдау ретінде маңызды рөл атқарады.
– Осы мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін берді ме? Олардың тиімділігі туралы нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Бұл бағдарламалардың тиімділігі айқын. Олардың басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына бейімдеу, тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу. Осы бағытта біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік. 2023 жылы біздің орталықтың көмегімен жүздеген аудан тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, көптеген азамат кәсіби оқудан өтіп, жаңа мамандық меңгерді. Мәселен, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысқан түлектер өз мамандықтары бойынша мекемелерде тәжірибеден өтіп, еңбек өтілін жинақтауда. Әсіресе, білім беру, медицина және құрылыс салаларын бітірген жастардың тұрақты жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары. Бағдарлама аясында жұмыс берушілер жас мамандардың біліктілігін бағалап, оларды тұрақты негізде қызметке қабылдап жатады. Кәсіпкерлікке бағытталған «Бастау Бизнес» және мемлекеттік гранттар беру бағдарламалары да өз жемісін беріп отыр. 2024 жылы ауданымызда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 476 800 теңге көлемінде 24 грант берілді. Бұл қаражаттың көмегімен жас кәсіпкерлер кондитерлік өнімдер өндірісін, құрылыс қызметтерін, дәнекерлеу жұмыстарын, шағын тігін шеберханаларын, наубайханалар мен шайханаларды ашып, бүгінде халыққа өз қызметтерін ұсынуда. Бұл тек жұмыссыздықтың азаюына ғана емес, ауданымыздың экономикалық дамуына да оң әсерін тигізіп отыр. Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар Мансап орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар, Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да өтінім беруге болады.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітілді. Осыған орай ауданда қандай іс-шаралар жүргізілуде?
– «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауданымызда жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Жыл басында аудандық дербес бөлімдер мен аудандық прокуратураның қатысуымен «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл іс-шара барысында жұмыссыздарға мемлекеттік бағдарламалар, қайта даярлау курстары мен бос жұмыс орындары туралы ақпарат берілді. Алдағы уақытта ауылдық округтерде жылжымалы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу, «ашық есік» күндерін ұйымдастыру және жылжымалы мобильді қызметтер көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл іс-шараларға жұмыссыздармен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен пробация есебінде тұрған адамдар да тартылып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасалатын болады. Жұмысшы мамандықтарына сұранысты арттыру мақсатында skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқыту ұйымдастырылуда. Бұл жоба аясында жұмыссыз азаматтар Мансап орталығына келмей-ақ, қашықтан кассир, сатушы, мектепке дейінгі балалар тәрбиесі маманы, қазандық қондырғыларының операторы және басқа да мамандықтар бойынша білім алып, сертификат иелене алады. Бұл олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады деп сенеміз.
– Тұшымды жауаптарыңызға рахмет! Бұл бастамалар аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізіп, еңбек нарығындағы белсенділікті арттырады деп сенеміз. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Жұлдыз СЕМБИЕВА