Мынау жұмбағы мол дүниедегі бір анық нәрсе - әлемде түрлі мамандық бар екені. Олардың бірі заман ағынымен дамып жатса, енді бірі уақыт өте келе назардан тыс қалып, қажеттілігі болмағандықтан жойылу үстінде. Мұны қазіргі ақпараттар ағыны мол уақытта бәріміз көріп-біліп отырмыз. Мамандар бұл бағытта болашақта жойылуы ықтимал не қажеттіліктен қалатындарының тізімін де жасақтап, кейбір жаңадан пайда болып, салмағы артып келе жатқан мамандықтар жайлы да құлағдар қылып жатады. Шүкір, мамандық дегеніңіз жетіп артылады әзірге, тек соған сай мамандарымыз болса деңіз...
Осыдан кейін «осы бізде жұмысшы мамандар жеткілікті ме?» деген сауалдың құлағы қылтияды. Шындығында да, оның жайы қалай болуда? Бұл тұрғыда елдік деңгейде атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Ол өз алдына ғой, ал ертең әлгі шаруалардың нәтижесі көрінетін бір тұс - жергілікті жерлердегі жағдай қазіргі уақытта қалай қалыптасып жатыр?
Аудандық Мансап орталығы деректеріне қарағанда, аталған орталық ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға арналған «Әлеуметтік қолдау шаралары» аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» жобасы, «Жастар тәжірибесі», «Жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқыту», «Бастау-Бизнес» жобасы және «Мемлекеттік грант» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламалар белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған және жұмыссыздықты азайтуға бағытталуымен ерекше. Әрине, олардың әрбірінің мақсаты әр басқа. Мысалы, «Қоғамдық жұмыс» – жұмыссыз жастарға уақытша табыс табуға мүмкіндік береді. «Күміс жас» - зейнеталды жастағы жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналастырылуын көздейді. «Жастар тәжірибесі» - өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек өтілін жинауға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама. Қазақ «болмасын деген оңбасын» демей ме? Осы тұрғыда Үкіметтің болсыншы дейтін бағдарламаларының бәрінің баянды болуын қалайсың...
Шүкір, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, елімізде мамандар даярлауда, жаңа мамандықтарға оқытуда, жаңа жұмыс көздерін ашуда бұрын да, бүгін де жасалынып жатқан жұмыс аз емес екендігі көрінеді, жасалынып жатқан жұмыстар баршылық. Бірақ...
Әңгіменің өзі осы бірақтан басталып тұр ғой. Бірақ жергілікті жерде табыс табуға мол мүмкіндік беретін жұмыстарды атқаруға мамандар табылмай жатады. Мәселен, тек бір ғана құрылыс жұмыстарын алайық. Қазір жер аяғы кеңіп, күн жылынғалы қалада да, далада да құрылыс жұмыстары қыза түсті. Бұл біздің ауылдарда да солай. Мәселен, ауданның тек Тұщықұдық ауылының өзінде тұрғын үй құрылыстары деген қазір қарқын алып тұр. Ауыл әкімінің әлеуметтік желіде «ауылымыздан 17 үй салынады» деп жазғанын көзіміз шалғаны бар. Енді сол сөз іске айналып, қазір ауылдың әр тұсында топырағы төгіліп, іргетасы құйылып, енді қабырғаларын қалау жұмыстары басталып жатқан баспаналардың қарасы көбейді. Өте жақсы, құптарлық іс. Бұрын иесіз тұрған, қараусыз қалған, құлау қаупіне жеткен бірнеше «жаман үй» күреліп, орындарында әлгіндей құрылыстар жүруде. Сондай-ақ, өткен жылы сыртқы жұмыстары бітіп, енді ішкі жұмыстары жүріп жатқан баспаналар құрылыстарында да жұмыстар жандана түскен.
Бәрі жақсы... Алайда, соның бәрінде дерлік жұмыс жасап, нәпақа тауып жатқандар – ауызекі әңгімедегі «қалпақтар», яғни өзбек ағайындар. Олар да алды қырыққа таяп, ортасы отызды орталап тастаған, соңы он сегіз-жиырма жастың о жақ-бұ жағындағы жігіт-желең. Бәрі де жұмысқа дегенде әбжіл, әйтеуір бір тыным таппайды. Таңғы жетілерде жұмысқа кіріседі, бір сағат түскі үзілістен кейін басталған жұмыстары кешкісін күн қауыса аяқталып жатады. Қарап тұрсаң, бәрі өз міндеттерін жетік меңгерген жұмысшы жандар. Бірі тас қаласа, бірі лайын дайындап, бірі биіктей түскен қабырғалардың жанына сатыларды орналастырып, әркім өз міндетін бөлісіп алған әрі сол істің маманы. –Материалдары келіп тұр, уақытында бітіреміз, еңбекпұлымыз бастықтармен келісілген,-дейді олар. Айтуларынша, осы жаққа өткен, тіпті алдыңғы жылдардан бері келіп, нәпақасын айырып жүргендері аз емес арасында. Өзара келіседі, дер кезінде керек материалдар келіп тұрады, бұлар құрылыс жұмыстарын уақытылы бітіреді. Жұмыс берушілер бұларға разы, бұлар да оларға риза. Ал біздің жергілікті құрылыс мамандары болса, тек бірен-саран құрылыс бастарынан жолығады. Сондайда бізде жұмыс жоқ емес бар, мамандар жетіспей жатқан болып тұр-ау деген ой біраз толғандыратыны рас. Жергілікті жерде де әр іске мамандар даярлау бағытында жұмыстар жүріп жатқанымен жағдай осылай.
-Атаулы жыл аясында ауданымызда жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Жыл басында аудандық дербес бөлімдер мен аудандық прокуратураның қатысуымен «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл іс-шара барысында жұмыссыздарға мемлекеттік бағдарламалар, қайта даярлау курс-тары мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар берілді. Алдағы уақытта ауылдық округтерде жылжымалы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу, «Ашық есік күндерін» ұйымдастыру және жылжымалы мобильді қызметтер көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл іс-шараларға жұмыссыздармен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен пробация есебінде тұрған адамдар да тартылып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасалатын болады.
Жұмысшы мамандықтарына сұранысты арттыру мақсатында Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқыту ұйымдастырылуда. Бұл жоба аясында жұмыссыз азаматтар Мансап орталығына бармай-ақ, қашықтан кассир, сатушы, мектепке дейінгі балалар тәрбиесі маманы, қазандық қондырғыларының операторы және де басқа мамандықтар бойынша білім алып, сертификат иелене алады. Бұл олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады, - дегені бар-ды аудан айнасына берген бір сұхбатында аудандық Мансап орталығының басшысы Б.Сапарғожиева.
Аудандық Мансап орталығының атаулы жылға орай қолға алған қай шаруасы да құптарлық бұл ретте. Мәселен, аталған орталықтың ұйымдастыруымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің өнімдеріне арналған көрме және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.
Орталық басшысының айтуынша, мұндағы мақсат – жастар мен ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына ықпал ету, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру және жұмыссыздық деңгейін төмендету. Жәрмеңкеге аудан аумағындағы 16 мекеме қатысып, 55 бос жұмыс орнын ұсынды. Келушілер өндіріс орындары, білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет және қызмет көрсету салаларындағы жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысты. Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін бастаған кәсіпкерлер де өз өнімдерін көрмеге қойды. Олар әр ауылдан келген, түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар. Мысалы, аққыстаулық кәсіпкерлер мен Тұщықұдықтан келгендер де қатысқан, ал Жанбай ауылынан бірден үш кәсіпкер көрмеге өз өнімдерін ұсынды.
Жанбай ауылының тұрғыны Альбина Гайнуллина да өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бірі болатын. Ауыл орталығында «Ару» шайханасын ашып, тұрғындар мен жолаушыларға ыстық тағам ұсынып отырған ол өз ойымен бөлісті..
– Өткен жылы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, өз жобамды қорғадым. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарыммен танысып, қолдау білдірді. Нәтижесінде грант жеңіп алып, құрал-жабдықтарды алдым. Бүгінде шайханамызға күн сайын тапсырыс түседі. Ауыл ішінде әзірге бізге бәсекелестер жоқ, сондықтан еш алаңсыз жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда тек бір адамды жұмыспен қамтып отырмын, - деген кәсіпкер.
Жалпы, жоғарыда біз әңгімелеп өткендей, жоғарғы жақта да, жергілікті жерде де жасалынып жатқан іс-шаралардың бәрі жұмысшы мамандардың екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналасуына жасалынып жатқан жағдайлар деп түсінеміз. Алайда, қазіргі уақытта құрылыс бастарында қызу жүріп жатқан жұмыстар арасынан жерілікті мамандардың, соның ішінде жастарымыздың көп көріне бермейтіні «осы, бізде жұмысшы мамандар жеткіліксіз-ау» деген ойға жетелегені рас еді.
Иә, жұмысшы мамандықтары болсын, басқа да мамандықтар үшін өз мамандарын дайындау ойлаған адамға өміршең мәселе десе болады. Өйткені өмір бар жерде жұмыс та таусылмайды, жұмыс бар жерге жұмысшы мамандар да керек. Десек те, жергілікті жерде жұмыс барын көріп тұрғанымызбен, онда тер төгіп жүргендер арасынан жергілікті мамандарды көп көрмеуіміз қолға қалам алғызды.
Жұмыс таппаймын деген қорқынышы бар немесе қарекетсіз жүрген көптеген жас маман жұмыспен қамту орталықтарының табалдырығын тоздырып жүргені белгілі. Жұмыссыздық заманның дертіне айналды десек те қате емес.
Жұмыссыздықтың ең үлкен себептерінің бірі – жалақының аздығы дегенді көлденең тартатындар аз кездеспейді. Мамандар қазіргі кезде жұмыссыздардың жұмыс таңдайтынын, өз мамандығына сай қызмет табылып тұрса да оның жалақысы жартусыздығын, болмаса басқа да бір олқы тұстарын көре қалып, ол жұмысқа барудан бастарын ала қашатынын айтады. Сондай-ақ, қазіргі жастардың, бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп кетуге дайын тұратындары басымдығын жоққа шығармайды мамандар. Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстары да қол күшін қажет ететін, күннің астында, желдің өтінде жүріп тер төгер іс болғандықтан жастар оған барғысы келмейді. «Сіздердің құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерден біздің жергілікті жастарымызды, яғни жас маман жұмысшыларымызды кездестіре бермейтіндеріңізге бір себеп сол» деген уәж айтады олар.
Мамандар болашақта өнеркәсіп және құрылыс саласында 75 жаңа мамандық пайда болатынын айтады. Деректерге қарағанда, еліміз бойынша аталған салада 39 мыңнан астам кадр қажет екен. Бұл ақпаратты сала министрінің өзі айтты дейді дереккөзі. Түйінді мәселені шешу үшін роботтандырылған тау-кен техникасы операторы, тау-кен және металлургия өнеркәсібіне арналған смарт-жүйелерді әзірлеуші, виртуалды прототиптеу жөніндегі маман, цифрлық жобалаушы, Big Data талдаушысы және «Ақылды үй» жобалау-шысы сияқты 75 жаңа мамандықты қамтитын жаңа мамандықтар атласы әзірленген.
Иә, әңгіменің бәрі ауылдағы құрылыста жергілікті жас маман құрылысшылардың бой көрсетпейтінінен басталып кетті ғой. Жалпы атаулы жылдың өзінің өмірге келуіне бір себеп жылдар бойына қай салада да жұмысшы мамандығына деген жанашырлықтың, қызығушылықтың, жағдай жасаудың, насихаттаудың мүлдем назардан тыс қалуынан да еді десек қатесі жоқ. Енді міне, бүгінде «жалғыз сиырымды сатсам да, баламды оқытамын. Мен сияқты жұмысшы болмай-ақ қойсын» дейтін қасаң пікір түбегейлі өзгеріске түсуде. Қайтсе де баласына бір диплом алып беруге тырмысып, кейін ол қатырма қағаз сандықта жатып, баласы жұмыссыздар қатарын көбейткені – өмір шындығы. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі қоғам көзқарасы басқа, жұмысшы маманға сұраныс та жоғарылай түскеніне куәміз. Қай салада да, соның ішінде құрылыс саласында да жұмыс көбейіп, жұмысшы маманға сұраныс арта түсті. Жалпы, қай уақытта да құрылыссыз тұрмыс болмасын ескерсек, жергілікті жұмысшы мамандар арасында, соның ішінде жастарымыздың қатарында құрылыс мамандары да аз болмағаны абзал.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР