Жұмысшы мамандығы - қоғам тірегі

 

Жұмысшы мамандық – қоғамның көрінбейтін, бірақ ең маңызды тіректерінің бірі. Қай саланы алсақ та, оның артында күнделікті тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшы жандар тұрады. Зауыттағы өнім, жолдағы қауіпсіздік, құрылыс нысандарының салынуы, қоғамдық орындардағы тазалық – барлығы да осы мамандық иелерінің маңдай терімен келеді.

Бүгінгі таңда жұмысшы мамандығына деген сұраныс жыл сайын артып отыр. Өйткені өндіріс те, құрылыс та, қызмет көрсету саласы да нақты істі білетін, қолынан іс келетін білікті мамандарға мұқтаж. Жұмысшы мамандық иелері тек физикалық еңбек емес, үлкен жауапкершілік, тәртіп, шыдамдылық пен тәжірибені талап етеді. Олар қолмен жасап, көзге көрінетін нәтиже шығарады. Бұл – нағыз еңбектің, адал қызметтің белгісі.

Көп жағдайда жұмысшы мамандық басқа салалардан төмен бағаланатындай көрінеді. Бірақ шын мәнінде, елдің дамуы осы мамандық иелерінің қолында. Қиындығы мен жауапкершілігі көп бұл салада еріншек адам ұзағынан жұмыс істей алмайды. Тек шынайы еңбекқорлық пен төзімділік қажет.

Жұмысшы болу – ұят емес, керісінше үлкен құрмет. Себебі күн сайын таңертең ерте тұрып, жұмысын адал атқарып, қоғамға нақты үлес қосып жүрген адамның орны әрқашан бөлек. Қандай жағдай болса да, жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін бағалау – әрқайсымыздың міндетіміз.

Сондықтан жұмысшы мамандығын меңгеру – болашаққа жасалған сенімді қадам. Бұл мамандық иелерінің қоғамдағы орны ерекше және олардың еңбегін ешнәрсемен салыстыруға келмейді.

 

Орынгүл ҚҰРМАНҒАЗИЕВА,

Аудандық жұмыспен қамту орталығының зейнеткер-ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT