Жұмыссыздар да медициналық көмексіз қалмайды

 

Бүгінде  денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен медициналық қызметтің қолжетімділігі – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басты басымдықтардың бірі. Әсіресе жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтар үшін медициналық көмекті алу мәселесі әрдайым өзекті болып келгені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жұмыссыз әрі тұрақты табысы жоқ азаматтар МӘМС жүйесіне автоматты түрде қамтыла бастады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде мәлімдеді. Жаңа өзгеріс – тек заңнамалық түзету емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.

Министрліктің дерегіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда МӘМС жүйесіне 16,8 миллион адам қатысады. Оның ішінде 12,3 миллион азамат жеңілдетілген санатқа жатады. Бұл санаттағы адамдар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Алайда соған қарамастан, шамамен 3,6 миллион азамат әлі күнге дейін сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Сақтандырусыз қалған азаматтар екі негізгі топқа бөлінеді. Бірінші топ – табысы жеткілікті болса да, түрлі себептермен МӘМС жүйесіне қатыспай отырған шамамен 2,5 миллион адам. Олар көбіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бейресми секторда жұмыс істейтін немесе сақтандыру төлемдерін уақытында аудармаған азаматтар. Екінші топ – әлеуметтік осал санаттағы шамамен 1,1 миллион адам. Бұл – жұмыссыз, табысы төмен, соңғы айларда зейнетақы жарнасын төлемеген азаматтар. Дәл осы санаттағы адамдар үшін жаңа өзгерістер ерекше маңызды.

Жаңа заңнамаға сәйкес, әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейіне жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Мұндай санатқа жұмыс істемейтін, кемінде үш ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген, отбасының негізгі қажеттіліктерін өтеуде қиындық көріп отырған азаматтар жатады. Маңыздысы – сақтандыру жарнасы азамат медициналық көмекке жүгінген сәтте аударылады. Яғни бұрын сақтандырылмаған болса да, адам медициналық қызметті бірден ала алады. Бұл – бұрын жүйеде болмаған, бірақ қоғам үшін аса қажет жаңа механизм. Осылайша, 2026 жылы шамамен 1 миллионға жуық азамат МӘМС жүйесіне қосымша түрде қамтылады деп жоспарлануда. 

Жалғасы газеттің №4 (4269) санында

 

Жайна МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT