Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, яғни жұмыссыздық деңгейін төмендету. Бүгінгі күні кей кәсіпорындар өздеріне лайық мамандарды таппай, кадр тапшылығын сезінсе, қолынан іс келетін азаматтар тұрақты жұмыс таба алмай, сергелдеңге түсіп жатады. Осындай түйткілдерді шешудің бір жолы – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні тікелей табыстыратын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру.
Жақында аудан әкімдігінің қолдауымен, Жанбай және Исатай батыр шекара заставаларының бастамасымен осындай жәрмеңке өтті. Оған Жанбай ауылдық округі әкімі Ерлан Мақсотов, Жанбай шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, лейтенант Бауыржан Құралсын, аудандық «Мансап» орталығының басшысы Бақытгүл Сапарғожиева және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Жұмалиева қатысты.
Іс-шара барысында лейтенант Бауыржан Ернатұлы шекара қызметінде келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған 22 бос орын бар екенін хабарлады. Оның ішінде радиотелефоншы, барлаушы сияқты лауазымдар ұсынылды. Сондай-ақ, әскери емес қызмет түрлеріне де – еден жуушы, киім жуушы, аспаз, дизельдік агрегат маманы ретінде жұмысқа кіруге болатыны айтылды. Бұл мүмкіндіктерді 18–35 жас аралығындағы азаматтар пайдалана алады. Жәрмеңке барысында ауыл тұрғындары ұсынылған жұмыс орындарына қызығушылық танытып, түрлі сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Іс-шара барысында ауыл әкімі Ерлан Мақсотов ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
– Ауыл тұрғындарының жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл шара арқылы ауылымыздағы еңбекке қабілетті азаматтардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасалуда. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды қолдауды жалғастырамыз,-деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жастардың әскер қатарына баруы әлсіреп отырғаны да сөз болды. Осыған байланысты мектеп оқушылары арасында әскери қызметтің маңызын түсіндіру, әскери мамандықтарға үгіт-насихат жүргізу мәселесі талқыланды. Аталған жәрмеңке жұмыссыздықты азайтуға, ауыл жастарының еңбекпен қамтылуына ықпал етіп қана қоймай, жас буынды ел қорғау ісіне ынталандыруға бағытталған игі шара болды.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ