Жөндеудің «жыры» бітпей тұр

 

Әр ауыл-аймақтың тұрғындары үшін ең басты сенім – қажет кезде сапалы медициналық көмек ала алуы. Ал аудандық орталық аурухана – сол сенімнің тірегі. Бұл мекеме талай жылдан бері мыңдаған адамның денсаулығына араша түсіп, талай тағдырды сақтап келеді. Қазіргі таңда ауданның негізгі емдеу орнында былтырдан бері ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары он ай ішінде толық аяқталуы тиіс еді. Бірақ уақыт созылып, белгіленген мерзімде құрылыс тәмамдалмады. Соның салдарынан мәселе сотқа дейін жетті.

Аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулованың айтуынша, жұмыстар өткен жылдың қыркүйегінде басталған.

— Келісімшарт бойынша 10 айда бітуі керек болатын. Алайда мердігерлердің созбалаңға салуы салдарынан біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Алғашқы сот тыңдалымы 4 қыркүйекте өтті, екіншісі 18 қыркүйекке белгіленді. Дегенмен, жуырда мердігер компания өкілдері мен техникалық қадағалау мамандары аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақовтың қабылдауында болды. Сол жиында олар қыс түскенше жөндеуді толық аяқтаймыз деп уәде етті,-дейді ол.

Қиындықтарға қарамастан, аурухана басшылығы болашаққа үмітпен қарайды. Өйткені тек ғимарат қана емес, медициналық жабдықтар да жаңартылмақ.

— Биыл біз үшін үлкен жаңалықтардың бірі – ультрадыбыстық эксперт-класс аппаратын алу. Бұдан бөлек, жаңа туған нәрестелерге арналған кювездер, шала туған сәбилерді күтетін заманауи құрылғылар, ұрықтың жүрек соғысын анықтайтын КТГ аппараты әкелінеді. Сондай-ақ стационарлық маммограф орнатылады. Бұрын ол көшпелі автобус арқылы ғана қолжетімді болатын, – деді Нұргүл Измайлқызы.

Яғни, аудандық ауруханадағы жөндеу жұмыстары аяқталса, тұрғындар сапалы медициналық қызметке бұрынғыдан да қолжетімді болмақ. Жаңа ғимарат, заманауи құрылғылар – бұл тек дәрігерлердің ғана емес, әрбір тұрғынның денсаулығы үшін жасалып жатқан игі қадам.

Аурухананың бүгінгі күрделі жөндеуі – уақытша қолайсыздық болса, ертеңгі күні сол қиындықтың орнын жаңа мүмкіндіктер толтырады. Ең бастысы – халық денсаулығына деген қамқорлық еш тоқтамайды.

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT