Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана қызметкерлеріне тың серпін берген. Иә расында да көз ілестірмейтін жылдамдықпен дамып жатқан заманда кітапхана оқырманға кітап ұстатып, кітап қабылдап қана отыратын орын емес. Бағыты да, мақсаты да өзгерген.
Қоғамды «кітап оқылмайды» деген қоғамдық пікір бар. Бірақ оны нақты зерттеген ешкім жоқ. Қазіргі таңда, кітапханаға келмей-ақ, электронды кітапханадан таңдаған шығарманы жүктеп алып, оқи беруге болады. Дегенмен, кітапханаға келіп жүрген оқырмандарды сақтап қалып әрі оқырманды көбірек тарту үшін кітап қорын дамытып, жаңартып отыруға тырысамыз.
Кітапханада оқырман сұранысын орындайтын заманауи құрал-жабдықтар мен оқылымды кітаптардың болуы шарт. Осы орайда онда коворкинг орталығының болуы сәтті шешім болмақ. Ал кітапханалардағы коворкинг орталығы дегеніміз –адамның бос уақытының пайдалы әрі тиімді өтуіне негізделген және бірлесе отырып жұмыс жасайтын орын. Әлбетте, мұндай жерлердің жастар үшін берері мол. Соған қоса уақытты тиімді өткізудің тамаша тәсілі.
«Атырау облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыс аумағы бойынша 15-35 жас аралығындағы ауыл жастарын әлеуметтенуіне қолдау көрсету және елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымды қалыптастыру мақсатында «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасы қолға алынып, 60 жоба ішінен 14 жас грант иегері атанды. Соның ішінде, Аққыстау ауылдық кітапханасы «Заманауи стильдегі кітапхана коворкингі» жобасын ұсынып, 500 000 теңге шағын грантын ұтып алды. Жобаның мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу. Қазіргі заман ағымынан қалмай ілесіп отыру үшін кітапханадағы коворкинг орталықтар тек жұмыс жасайтын алаң ғана болмай, бос уақытты тиімді өткізетін және шығармашылықпен айналысатын алаң болып келеді.
Бүгінгі таңда кітапхана коворкингі соңғы үлгідегі жабдықтармен жаңаланып, оқырмандар игілігіне ұсынылды. Осындай мүмкіндіктер арқылы кітапханаға тың серпіліс беріп, жұмысымызды одан әрі жандандырып, сауатты ұлтты қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеміз. Жаңа бастамалар мен қолдаулар арқылы оқырман санын арттырып, саналы да ізгі қоғам құру жолында жұмыстана береміз.