ЖОЛ, БЮДЖЕТ, ҚЫЗМЕТ – КЕҢЕСТЕГІ ҮШ ӨЗЕК

сурет автордікі

 

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы – билік пен бұқара арасындағы байланыстың бір көрінісі болды. Жиынға ауданның қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық тынысын айқындайтын өзекті мәселелер қойылды.

Алғашқы болып сөз алған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ерболат Махашевтың баяндамасы жиынға қатысушыларды  ерекше қызықтырды. Себебі айтылған мәселе – ел игілігіне тікелей қатысты, яғни ауылішілік жолдардың жағдайы мен олардың жаңартылу барысы. Аудан бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 295 шақырым. Оның 119 шақырымы – елді мекендерге кірме жол, ал 176 шақырымы – ауылішілік жолдар. Алайда, бұл көрсеткіш аудан халқын толық қанағаттандырып отырған жоқ. Себебі, жолдардың тек 34 пайызы ғана қалыпқа келтірілген. Бұл – 66 пайызы әлі де жөндеуді қажет етеді деген сөз. Қазіргі таңда 56 шақырым жолдың құрылысы аяқталуы тиіс, ал 30 шақырым бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Ауданның 6 ауылдық округінде жолдарды қайта жаңғырту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Аққыстау ауылындағы 16,2 шақырым жолдың қайта жаңғыртылуы бойынша жұмыстар келісім шарт бұзылғанымен, 12,2 шақырымға дейінгі қабат төселіп, 10,6 шақырым асфальт жұмысы атқарылған. Исатай ауылындағы 8,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарының 5,2 шақырымы тегістеліп үлгерген. Тұщықұдық ауылында көлік және жаяу жүргінші жолдарының толық реконструкциясы аяқталған. Ал Жанбай ауылында 9,5 шақырым жолдың ірі түйіршікті қабаты төселіп, келесі кезеңі 2025 жылға жоспарланған. Ал Зинеден және Х.Ерғалиев ауылдарында да мердігерлер жұмысқа тартылғанымен, кейбір келісім шарттар бұзылған немесе жұмыстар іркіліспен жүріп жатыр. Бұл жергілікті басқару органдары тарапынан қатаң бақылауды талап етеді. Қазіргі уақытта Аққыстау мен Х.Ерғалиев ауылдарындағы жаңа жобалар – сараптамада. Сонымен қатар 2025 жылға бірқатар жаңа жол жобаларының қаржыландырылуы көзделіп отыр. Бөлім басшысы сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету бағытына да тоқталды. 2024 жылы екі азамат өз тұрғын үйлерін жекешелендіріп, тұрғын үй сертификаттарын иеленген. Ауданда 68 мекеме күзгі-қысқы дайындық паспортын алуы тиіс болса да, біразы бұл талапты орындамаған. Бұл мәселе де алдағы уақытта бақылауда болады деді бөлім басшысы.

Келесі кезекте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынзер Сапаева 2024 жылғы аудандық бюджеттің игерілуі туралы есеп берді. Баяндамада бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мен жоспарланған жобалардың орындалу барысы, кіріс көздерінің құрылымы жөнінде нақты деректер ұсынылды. Кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдар мен ұсыныстар бюджет саясатының ашықтығын арттыруға бағытталды.

Аудан дамуының бір қыры – жер қатынастары мен құрылыс саласындағы ашықтық. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ақжол Елеубайұлының баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2024 жылы бөлім тарапынан барлығы 425 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде эскиздік жобалар бойынша – 165, жерге орналастыру жобасын бекіту – 113, сәулет-жоспарлау тапсырмасы – 43, мекенжай анықтамасы  104 рет берілген. Ал жер учаскесінің бөлінетін немесе бөлінбейтіндігін айқындау бойынша өтініш болмаған. Бөлім жұмысы «бір терезе» қағидатына сай цифрлық форматта ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 5 қызметтің 4-еуі Egov арқылы жүзеге асырылады. Бұл – тұрғындар үшін қолайлылық әрі жемқорлық тәуекелдерін азайтудың нақты жолы. Жер ресурстары – ел байлығы. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің айналымға енгізілуі маңызды. 2024 жылы пайдаланылмаған 1450 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 12 413 гектар көлеміндегі 36 жер учаскесі заңды және жеке тұлғаларға табысталған. Мұндай жұмыс жер қорын ұтымды басқаруға сеп болады.

Қоғамдық кеңес алдында есеп берген Жанбай және Нарын ауылдық округтерінің әкімдері Ерлан Махсотов пен Асқар Абуов та өз округтеріндегі мемлекеттік қызметтердің орындалуы және жемқорлыққа қарсы бағытта қабылданған шаралар туралы есеп берді. Олар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруда ашықтық пен тұрғындармен кері байланыстың маңызын атап өтті.

Кеңес мүшелері баяндамашыларға нақты сұрақтар қойып, кей тұстарға байланысты өз ұсыныстарын білдірді.  Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы тиісті жауапты мекемелер белгіленді.

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT